«Бөбек» орталығының «Поэзия» студиясы өз жұмысын бастады
АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға арналған «Поэзия» шығармашылық студиясы өз жұмысын бастады.
Оған Республиканың түкпір-түкпірінен 9-15 жас аралығындағы 42 бала қатысуда.
Студияның ашылу салтанатына халық ақыны, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Есенин атындағы «Алтын жұлдыз» иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, Адамның үйлесімді дамуы институтының директоры Ботагөз Құдышева және орталық қызметкерлері қатысты.
«Қазақ халқы сөз құдіретіне ерекше мән берген. Абылай, Тәуке сынды хандарымыз айналасында сөз құдіретін бағалай білген жырау, ақындарды жинап жүрген, солармен ақылдасқан. Елге жаңалықты да ақындар арқылы жария еткен. Үш жүздің биі халықтың басын біріктіріп, дау-дамайды бір ауыз сөзбен шешкен», - деді өз сөзінде «Өзін-өзі тану» колледжінің директоры Бейбіт Жақұбақынов.
Ұлықбек Есдәулет әр адамның бойында Тәңірден берілген ерекше дарын, қабілет болатындығын айта келе, ол оқу, ізденіс, талап арқылы пісіп жетілетіндігін жеткізді. «Поэзияға жақын адам ең алдымен шындықты сүюі керек, себебі ақын - ақиқаттың жаршысы, әрі қорғаушысы. Сондықтан «Бөбек» орталығының бұл игі бастамасына табыс, шығармашылығын шыңдауға келген барша қатысушыларға сәттілік тілеймін», - деп жылы лебізін білдірді ол.
«Поэзия» студиясы әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсету және балалар шығармашылығына қоғам назарын аудару мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бағдарлама аясында қазақ елінің тарихи-мәдени құндылықтары мен әдет-ғұрыптарына сүйене отырып жасөспірімдер арасында рухани-адамгершілік тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға фотосурет өнерінен сапалы білім беру, жеке және ұжымдық жұмыстар арқылы баланың шығармашылығын дамыту, сондай-ақ оларға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу мәселелері қарастырылған.