Бочча ерекше спортшылары Азия ойындарына аттанды

Боччадан Қазақстан құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия пара ойындарына тарихта алғаш рет қатысып жатыр. Айта кетейік, жарыс дәстүрлі түрде нормативтік спортшылар қатысатын Азия ойындарымен бір жерде өтеді, деп хабарлайды Kazinform.

бочча
Фото: Ospan Ali/Kazinform

Параспортшыларды елорда әуежайынан шығарып салуға туған-туыстары мен достары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ осы спорт түрінің жанкүйерлері келді.

Олар Қазақстанның намысын қорғап, өзге елдің тәжірибелі ойыншыларымен бәсекеге түсетін команда мүшелерін жылы лебізбен шығарып салды.

Естеріңізге сала кетейік, бочча — доппен ойнайтын, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге спортта өзін-өзі танытуға мүмкіндік беретін паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі.

бочча
Фото: Ospan Ali/Kazinform

Бұл спорт түрінен ойыншыларды 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоры жаттықтырушыларының бастамасымен құрылған Қазақстанның бочча федерациясы дайындайды.

Федерацияның Қазақстан аумағында 10 филиалы бар.

Федерацияның мүмкіндіктерін кеңейтуде оның президенті, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев маңызды рөл атқарады.

бочча
Фото: Ospan Ali/Kazinform

Биыл Қазақстан бочча федерациясы ресми түрде Халықаралық бочча федерациясына (BISFed) мүше болды.

Бұл — үлкен жетістік, өйткені федерацияға мүше болу спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Осының арқасында отандық федерация өкілдері боччадан халықаралық жарыстарға: челленджерлерге, әлем чемпионаттарына, Паралимпиадаға және Азия пара ойындарына қатыса алады.

бочча
Фото: Ospan Ali/Kazinform

Маусым айында елімізде ауқымды жарыс — Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Оның қорытындысы бойынша Қытайға баратын команданың құрамы анықталды.

бочча
Фото: Ospan Ali/Kazinform
бочча азия ойындары
Фото:"ҚазАқпарат" ХАА/коллаж