Boeing 777 ұшағында қаза тапқан жолаушыларының туған-туыстарына берілетін төлемақы 175 мың долларға жетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Малайзия Премьер-Министрі Наджип Разак «Malaysia Airlines» (MAS) әуе компаниясының Boeing 777 ұшағының Үнді мұхитының оңтүстік бөлігінде жоғалып кетуіне байланысты шеккен залалдары бойынша сақтандырушылардың 110 млн. АҚШ долларын төлегендігін мәлім етті, деп хабарлады «Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен.
Куала-Лумпур қаласында өткен шұғыл баспасөз мәслихатында елдің Үкімет басшысы Наджиб Разак «Inmarsat» тобының жерсеріктерінен алынған мәліметтер, ұшақтың солтүстік доғаның орнына оңтүстік дәліздің бойымен ұшқанын растағандығын мәлімдеді.
Премьер-Министрдің айтуынша, ұшақтың соңғы рет Үнді мұхитының орталық тұсында ұшып бара жатқан сәті тіркелген. Яғни қонуға мүмкін болатын әуежайлардың барлығынан да алшақта болған.
Наджиб мырзаның баяндамасынан бұрын британдық The Telegraph газеті сақтандырушы компаниялардың әуе тасымалдарын сақтандыру шарттары бойынша 110 млн. доллар төлегендерін мәлімдеген еді.
Басылым, бұл ұшақ немістің «Allianz» компаниясы бастаған бір топ сақтандыру/қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылғанын анықтаған. Басқа қайта сақтандырушылар - «GIC Re», «Hannover Re», «Lonpac Insurance», «Malaysian Re» және қазақстандық «Еуразия сақтандыру компаниясы» АҚ.
Халықаралық жолаушы әуе тасымалы туралы Монреаль конвенциясына сәйкес, Boeing 777 ұшағының қаза тапқан жолаушыларының туған-туыстарына берілетін төлемақының көлемі 175 мың долларды құрады. Бұл жерде «Malaysia Airlines» компаниясының кінәсін анықтау талап етілмейді.
Бірақ, ұшақтың жоғалу себебіне байланысты сақтандырушылар қаза тапқан 239 адамның туған-туыстарына ондаған миллион доллар артық төлеулері мүмкін. Егер ұшақтың апатқа ұшырауына лаңкестік немесе ұшқыштардың немқұрайлығы себеп болғаны анықталса, төленетін залал көлемі де арта түседі.
«Еуразия» сақтандыру компаниясы» АҚ британдық The Telegraph газетінің жоғалған ұшақтың «Еуазия» сақтандыру компаниясында қайта сақтандырылғаны жайындағы ақпаратын толығымен растайды.