Boeing компаниясының тоғыз айдағы шығыны 551 млн долларға дейін азайды
АСТАНА. KAZINFORM – Америкалық Boeing компаниясының 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза шығыны 551 млн долларға дейін қысқарды. Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды.
Компанияның өткен жылдың осы кезеңіндегі таза шығыны 5,98 млрд доллар болған. Ал 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы шығын 5,34 млрд доллардан 116 млн долларға дейін азайды.
Қаңтар-қыркүйек айларында Boeing кірісі өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға өсіп, 70,97 млрд долларға жетті. Үшінші тоқсандағы кіріс 4%-ға артып, 24,19 млрд доллар болды.
Компанияның операциялық ақша ағыны тоғыз айда 2,68 млрд долларға жетті. Былтыр осы кезеңде 266 млн доллар шығын тіркелген еді.
Boeing тапсырыстарының жалпы құны рекордтық 745,4 млрд долларға жетті. Үшінші тоқсанда компания 161 коммерциялық ұшақ жеткізді.
Қорғаныс, ғарыш және қауіпсіздік бөлімшесінің кірісі 15%-ға өсіп, 7,94 млрд доллар болды. Оның операциялық пайдасы 492 млн долларға жетті.
Компания 737-7 ұшағына үлгілік сертификаттың жаңартылған нұсқасын алғанын, ал 737-10 ұшағын сертификаттау қазанда аяқталғанын хабарлады. 777X ұшағын алғашқы жеткізу 2027 жылға жоспарланған.
Шығын азайғанымен, Boeing әлі де таза шығынмен жұмыс істеп отыр. Үшінші тоқсанның соңында компанияның қолма-қол ақшасы мен өтімді бағалы қағаздары 20,7 млрд долларды, ал жалпы қарызы 45,9 млрд долларды құрады.
Айта кетейік, Airbus америкалық Boeing-тен кем қалмау үшін банктен рекордтық сомада несие алғалы отырғанын жаздық.