Богдан Унра оқиғасы: Кореялық клиника алдындағы қарыз өтелді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Корея клиникасында ем-дом алып жатқан жерінен көз жұмған 6 жастағы Богдан Унраның ата-анасы медициналық мекеме алдындағы қарызын толықтай өтеді. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылдың 5 қазанында кореялық аурухана алдындағы 90 мың доллар көлеміндегі қарызды баланың ата-анасы толықтай өтеді. Қазіргі уақытта Елшілік баланың мүрдесін Қазақстан аумағына жеткізу үшін оның ата-анасына көмек көрсетіп, қажетті барлық құжаттарын рәсімдеп жатыр», - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, баланың мүрдесі 7 қазан күні Өскеменге жіберіледі.
«Айта кетерлігі, арнайы бағдарламаға сәйкес баланың мүрдесін Отанына жеткізуге кететін шығындар мемлекеттік қаражат есебінен өтелетін болады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысы Белағаш ауылынан алты жасар Богдан Унра бір жыл бойы онкологиялық аурудан емделіп, 23 қыркүйекте көз жұмған болатын. Қарыз болғандықтан Сеул клиникасы ата-анасына баланың мүрдесін бермей отырған еді.
https://kaz.inform.kz/news/koreya-klinikasy-koz-zhumgan-kazakstandyk-balanyn-denesin-bermey-otyr_a3406784
25 қыркүйекте баланың әкесі Сеулдегі Қазақстан елшілігіне жүгініп, заңгерлік кеңес алған және баласының сырқатына жұмсалған ауқымды қарызды өтеуге көмек сұраған.