Богдана Мацоцка: Мен «Шымбұлақта» өзімді туған үйімдегідей сезіндім
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мен «Шымбұлақта» өзімді туған үйімдегідей сезіндім. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Күміс Еңлікгүл» Халықаралық турнирінің төрт дүркін жеңімпазы украиналық таушаңғышы Богдана Мацоцка осылай деді.
Оның айтуынша мұндай сезім жеңіске жетуде спортшы үшін психологиялық тұрғыда өте маңызды.
«Мысалы мен Еуропа елдерінде талай жарыстарға қатысып жүрмін. Сонда кейбір елдерде ұйымдастырушылар тарапынан қандай да бір енжарлықты, селқостықты байқайсың. Олардың спортшыларға деген көзқарасы: «Біз ұйымдастырушылармыз, жарысты біз өткізіп жатырмыз. Біздің істейтін тірлігіміз мынау. Ал сендердің істейтін тірліктерің мынау. Жарысу сендердің өз шаруаларың», - дегендей әсер қалдырады. Ал мұнда мүлдем басқаша. Адамдар сенің келгеніңе, жарысқа қатысып жатқаныңа дән риза. Жеңісіңе шын қуанады, көмек қажет болса қасыңнан табыла кетеді. Мұндай қарым-қатынастан кейін, әрине, өзіңді туған үйіңдегідей сезінесің. Майда-шүйде тірліктерге ойың бөлінбейді. Жарысқа құлшына кірісесің. Бұл, спортшы үшін өте маңызды фактор. Сондықтан ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін - деді Б. Мацоцка.
Айта кетелік, Богдана «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында тау шаңғысы спорты бойынша өткен халықаралық турнирдің нағыз қаhарманына айналды. Ол тау-шаңғы спортының барлық төрт түрі: слалом, алып слалом, супер алып слалом және супер-комбинация бойынша өткен жарыстарда алдына жан салмады. Жеңіс тұғырына төрт рет көтерілді. Соның арқасында Украина құрама командасы жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Ал қазақстандықтар екінші орынды иеленді. Жерлестеріміз екі алтын, үш күміс және бес қола медальға қол жеткізді. Қазақстан құрама командасының көшбасшысы Игорь Закурдаев супер-комбинациядан жеңімпаз атанса, супер алып слаломнан тағы бір жерлесіміз Тарас Пименов бірінші орынды иеленді. Ал Франция құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Француздар Бенуа Жагоның арқасында алып слалом мен слаломнан бірінші орынды иеленді.
Айтпақшы, ҚазАқпарат тілшісінің «Мацоцка» деген қандай мағынаны білдіреді?» - деген сұрағына Богдана: Украинша дәлірек Мацьоцька - «Кішкентай» деген мағынаны білдіреді», - деп жымия жауап берді.