Бөген су қоймасына төтенше жағдай қаупі төніп тұрған жоқ — әкімдік

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Бөген су қоймасының жағалауына қауіп төніп тұрғандығы жайында ақпарат тарады. Желідегі жазба авторларының айтуынша, қар мен жел салдарынан су қоймасындағы жағдай қиындай түскен. 

Бөген
Фото: әлеуметтік желіден

«Жағалаудың топырағы жауған қардың суынан езіліп барады. Қас қылғандай жел де қойма жақтан тұрып алып, жайпақ жағалаудың берекетін алып бара жатқан көрінеді», - деп жазды Алмас Алтай есімді қоғам белсендісі.

Аталған мәселеге қатысты ресми ақпарат таратқан Түркістан облысының әкімдігі «Бөген» су қоймасында қауіп жоқ екендігін мәлімдеді.

«Ордабасы ауданындағы сыйымдылығы 370 млн. м3 болатын „Бөген“ су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Су қоймасы 67,8 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Су қойманың негізгі су көздері — „Арыс“ магистральды каналы және Бөген өзені. Су қоймасынан егістік жерлерге ағын су Түркістан магистральды каналы және Бөген қашыртқысы арқылы босатылады. Қазіргі таңда су қоймада 317 млн. м3 су бар. Кірген су — 54,6 м3/сек, шыққан су — 25 м3/сек. Су қоймада төтенше жағдай қаупі төніп тұрған жоқ. Жағдайды бақылау мақсатында 2024 жылдың 17 ақпанында „Арал-Сырдария“ бассейндік инспекциясы, „Тұран су“ ШЖҚ МКК және аудандық төтенше жағдай мамандарымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, акт түзілді. Су қоймада жағдай тұрақты» — делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, әкімдік су қоймаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқандығын жеткізді. Аталған жобаға мемлекеттік сараптама қорытындысы да биылғы маусым айында беріледі деп күтілуде.

«2021-2022 жылдары су қоймада төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көпфакторлы зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті. Қазіргі таңда су қойма апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен қамтамасыз етілген» — делінген ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар