Боқаев пен Аяновтың ісі: Қорғаушылар сот залында ұрысып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - №2 Атырау қалалық сотында М. Боқаев пен Т.Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр. Алғашқы күні түстен кейін қорғаушы тарап сотқа бірқатар өтініш хаттарын оқып берді. Айтарлығы, бұл көрініс қорғаушылардың арасындағы өзара қарама-қайшылықтарға ұласты. Талғат Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аянов мемлекеттік айыптаушыларға, өз әріптесі Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваға наразылық білдірді.
«Мен бір мезгілде М. Боқаев пен Т. Аянның қорғаушысы болып табыламын. Өйткені оларға тағылған айыптар бірдей. Менің әріптесім Жанар Балғабаева М. Боқаевтың қорғаушысы болып отыр. Ол бұрын қорғаушы есебінде Ринат Кибраевқа заңгерлік қызмет көрсеткен. Ринат Кибраев бұл іс бойынша куәгер ретінде шақырылған. Ол тергеуге Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген. Сол түсінігінде Талғаттың Алматыда шеру ұйымдастыру мақсатымен белсенділермен кездескенін және қолында Т. Төлешовтен алған 50 мың АҚШ доллары болғаны туралы айтыпты. Маған Р. Кибраевты қорғаған адаммен қатар отыру ыңғайсыз. Ертең ол қорғаған адам сотқа келіп, түсінік береді»,- деді сотта Төлепқали Аянов.
Еске сала кетсек, сотқа дейін тергеуге дейін түсінік берген Ринат Кибраев Т. Аянов пен М. Боқаевтың арам пиғылы мен жоспарлары туралы, атап айтқанда шеру ұйымдастыруға қаражатының барын алдын-ала білгенін айтқан. «3 мамырдың түнінде Марлен, Талғат және мен үшеуміз «Алтын сарай» саунасына бардық. Талғат ішімдік ішіп отырып, өзіне Атыраудағы шеруді ұйымдастыруға Оңтүстік Қазақстанның әлдебір адамдары көмектескенін мақтанышпен жеткізді. Әңгімесінен ұққаным: ол әлгі ақшаның бір бөлігін өз қажетіне жұмсап, қалған бөлігін Марленге сақтап қоюды тапсырған»,- делінген куәгердің тергеушілерге берген түсінігінде.
Өзіне сөз кезегі келгенде М. Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаева Төлепқали Аяновтың өтінішінің негізсіз екенін мәлімдеді. «Мен Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген Ринат Кибраевтың мүддесін қорғадым. Ал қазіргі сотта Макс Боқаевты қорғауға келдім. Біріншіден, ол түсініктердің негізін тыңдау керек. Ол жерде қандай да бір қайшылықтар бар-жоғын сонда көреміз. Екіншіден, мен Макс Боқаевты қорғаушысымын, ендеше ешқандай қайшылықтар болуы мүмкін емес. Сондықтан өтініш хаттың екінші бөлігін қанағаттандырмау керек деп санаймын»,- деді Ж. Балғабаева.
Осылайша сот басталмай жатып, қорғаушы тараптың арасында өзара бәсекелестік, жікшілдік орнады. Жанжал ұлғая бастаған кезде қорғаушылар сотталушы М.Боқаевпен және өзара ымыраға келу үшін үзіліске шығуға мәжбүр болды. Айта кетелік, сотта М. Боқаев пен Т. Аянды әзірше алты қорғаушы қорғауда.
Айта кетерлігі, осының алдындағы сот отырысында №2 Атырау қалалық сотының судьясы Бақытгүл Дүйсебалиева Т. Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аяновтың судьяға білдірген наразылығын қанағаттандырған жоқ. Оның айтуынша, қорғаушының өтінішінде заңдық негіз болмаған. «Сот Г. Даулешоваға істі жүргізуге наразылық білдіру туралы сотталушы Т. Аяновтың қорғаушысы Т. Аяновтың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Өтініш беруші келтіргендей, бұл жерде судьяның іске жеке қызығушылығының бары анықталмады. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 87 бабын басшылыққа ала отырып, қорғаушының судьяға наразылық білдіру туралы өтініші қанағаттандыруға жатпайды деген қаулы шығарылды. Бұл қаулы бойынша шағым түсіруге болмайды»,- деді сот отырысында Б. Дүйсебалиева.
Сот процесіне қатысушылар Төлепқали Аяновтың судьяға наразылық білдіре отырып, оның біліктілігі мен кәсіби шеберлігіне ешқандай күмән келтірмейтінін мәлімдеген кезде қатты таңырқады. Тіптен оның қай сөзіне сенер-сенбесін білмей дал болды.
Макс Боқаевтың қорғаушысы соттан шеттетілді
№2 Атырау қалалық сотында М. Боқаев пен Т. Аяновтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Түстен кейін жалғасқан сотта судья Гүлнар Даулешова Талғат Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аяновтың мемлекеттік айыптаушыларды соттан шеттету туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ. Алайда Төлепқали Аяновтың М. Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваны сот процесінен шеттету жөніндегі өтінішін толық қанағаттандырған қаулы шығарды. «Бұл өтінішті қанағаттандырған себебіміз, Жанар Балғабаева Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген куәгер Ринат Кибраевты қорғаған. Ал Ринат Кибраев Талғат Аяновқа (Бұл екеуіне тағылған айыптар бірдей) қарсы куәлік берді. Сондықтан қарама-қарсы тараптарға бірдей заңгерлік қызмет көрсеткен адамның қылмыстық процесте қорғаушы болуға құқығы жоқ. Қорғаушы Ж. Балғабаеваның өзі Р. Кибраевқа заңгерлік көмек көрсеткенін жоққа шығарған жоқ»,- деді Г. Даулешова.
Ол Р. Кибраевтың осы іс бойынша куәгер ретінде түсінік бергенін айтты. Мұны М. Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаева да растап: «Мен Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген Ринат Кибраевтың мүддесін қорғадым. Ал қазіргі сотта Макс Боқаевты қорғауға келдім»,- деп мәлімдеді. Осы жағдайды ескере келе, судья Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваны сот процесінен шеттету туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар, сотқа өтініш хаттар жолдаған М. Боқаев пен Т. Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аянов маман ретінде саясаттанушылар Досым Сәтпаевты, Дос Көшімді және Расул Жұмалыны шақыруға өтініш жасады. Сонымен қатар, олар соттық сарамтамаларға күмән келтіріп, оны жасаған мекемелердің мамандарын сотқа шақырып, жауап алуды талап етті. Мемлекеттік айыптаушылар бұл өтінішке бірден қарсылық танытты. Прокурордың сөзінше, аталған тұлғалар сотталушыларды ашық жақтайтыны мәлім. Бұған дәлел ретінде ол саясаттанушылардың жер тақырыбына жазған мақалаларының көшірмесін көрсетті.
Айтарлығы, Төлепқали Аяновтың өтінішіне прокурор қарсы пікір білдірді. Осы кезде Макс Боқаев: «Сізге мұндай өтініш айтылатыны қалай мәлім болған?» деп сұрап еді, бұған Төлепқали Аянов: «Әрине бұл қорғаушы Жанар Балғамамбетованың әрекеті» деген оқыс пікірін айтып қалды. Сайып келгенде, төрағалық етуші судья Гүлнар Даулешова танымал саясаттанушыларды шақырудың заңға томпақ келетінін атап айтты. Ол «Досым Сәтпаев, Дос Көшім және Расул Жұмалы - кәсіби филолог мамандар емес. Олар саясаттанушылар. Мұндай мәселеге тек нағыз кәсіби мамандар ғана талдау жасай алады» деп түсіндірді.
Жалпы алғанда, соттың алғашқы күнінен сотталушылардың қорғаушыларының арасындағы алауыздық анық байқалып тұрды. Бұл қорғау тарабының біртұтас ұстанымының жоқтығын көрсетті. Сот отырысы ертең жалғасады.