Боқаев пен Аяновтың соты: Төлепқали Аянов сотты саясиландыруға ұмтылды

Атап айтсақ, оның ішінде сот процесінің хаттамасын қолмен толтыру, аудио және бейнежазбаның сапасын арттыру, сотталушыға бұлтартпау шарасын өзгерту, сотқа басқа куәгерлерді шақыру, БАҚ-тарда жарияланған материалдарды қылмыстық іске қоса тіркеу, сотталушы Талғат Аяновтың жұбайы мен сотталушы Макс Боқаевтың әпкесін куәгерлер тізімінен шығару туралы өтініш хаттар бар. Сотқа төрағалық етуші судья Гүлнар Даулешова бірден олардың бірнешеуін қабылдамай тастады. Тек БАҚ-да жарияланған материалдарды қылмыстық іске қоса тігу, сотталушы Талғат Аяновтың жұбайы мен сотталушы Макс Боқаевтың әпкесін куәгерлер тізімінен алып тастау туралы өтініш қанағаттандырылды.
Негізінен алғанда, қорғаушы тарап ақылға сыйымсыз шағымдарын алға тартты. Алдымен қорғаушы Төлепқали Аянов аудио және бейнежазбаның сапасына күмән келтірді. «Егер алдағы уақытта қылмыстық іс бойынша апелляциялық сотқа шағымданатын болсақ, олар хаттаманы қалай оқиды?»,- деп дүрсе қоя сөйледі Төлепқали Аянов. Айтпақшы, оның бұл әрекетінен сотқа жеңілетініне сенімділікпен келгені байқалып қалды. Әу бастан-ақ ол соттың алдағы шығаратын үкіміне қарсылық танытып, апелляциялық сотқа шағымданатынын жеткізді. Осы көріністен-ақ сот процесіне қатысушылар қорғаушы тараптың тайғанақ ұстанымына көзін жеткізді.
Сонымен қатар, Төлепқали Аянов сотты саясиландыру мақсатымен процеске бұрынғы ҚР-ның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовті, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевты, оның экс-орынбасары Қайырбек Өскембаевты, Ауыл шаруашылығы министрі, жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Асқар Мырзахметовті куәгер ретінде шақыруды ұсынды.
Қорғаушы «Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталуы негізсіз» деген тұжырым айтты. Оның пайымынша, олардың жұртқа таратқан ақпараты жалған емес. «Қазақстанда 1,7 млн. гектар жер аукцион арқылы Қазақстан азаматтарына сатылады», «1 млн. гектар жер шетелдіктерге жалға беріледі» деген ресми ақпарат биліктегі лауазымды тұлғалардың аузымен айтылды»,- деді ол. Қорғаушы бұған негіз етіп, Ұлттық экономика экс-министрі Ерболат Досаевтың Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сөйлеген сөзін келтірді. «Осыған орай, біз Үкіметтен «Ұлт жоспары» бойынша Қазақстанда қанша жердің қазақстандықтарға сатылатыны, қанша жер шетел азаматтарына жалға беруге жоспарланғаны туралы сұрау салуымыз керек»,- деді Төлепқали Аянов.
Алайда мемлекеттік айыптаушылар құзырлы мемлекеттік органдарға сұрау салудың, жоғары лауазымды билік өкілдерін сотқа шақырып, жауап алудың ешқандай негізсіз екеніне нақты дәлел келтірді. «Аталған тұлғалардың сотталушыларға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан оларды шақыру негізсіз» деді прокурор Сыдықов. Айтпақшы, Төлепқали Аянов өтініш хатын оқып тұрып, Тоқтар Төлешовті сотқа куәгер ретінде шақыруды ұсынды. Осылайша қорғаушылардың айыптау актісін де толық оқымағаны әшкереленді. Айта кетерлігі, өзінің қорғаушысы әрі әкесі Төлепқали Аянов сот отырысында сөйлеп тұрғанында бейқам қалпында газет оқып отырған Талғат Аяновқа судья ескерту жасады.
Қазір сот отырысында түскі үзіліс жарияланды. Жалпы алғанда, соттың алғашқы күнінен бастап сотталушылардың қорғаушыларының арасындағы алауыздық анық байқалып тұрды. Мәселен, сот басталған күні-ақ Талғат Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аянов өз әріптесі Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваға наразылық білдірді.
«Мен бір мезгілде М. Боқаев пен Т. Аянның қорғаушысы болып табыламын. Өйткені оларға тағылған айыптар бірдей. Менің әріптесім Жанар Балғабаева М. Боқаевтың қорғаушысы болып отыр. Ол бұрын қорғаушы есебінде Ринат Кибраевқа заңгерлік қызмет көрсеткен. Ринат Кибраев бұл іс бойынша куәгер ретінде шақырылған. Ол тергеуге Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген. Сол түсінігінде Талғаттың Алматыда шеру ұйымдастыру мақсатымен белсенділермен кездескенін және қолында Т. Төлешовтен алған 50 мың АҚШ доллары болғаны туралы айтыпты. Маған Р. Кибраевты қорғаған адаммен қатар отыру ыңғайсыз. Ертең ол қорғаған адам сотқа келіп, түсінік береді»,- деді сотта Төлепқали Аянов.
Айтарлығы, төрағалық етуші судья Гүлнар Даулешова Талғат Аяновтың қорғаушысы Төлепқали Аяновтың М. Боқаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаеваны сот процесінен шеттету жөніндегі өтінішін толық қанағаттандырған қаулы шығарды. «Бұл өтінішті қанағаттандырған себебіміз, Жанар Балғабаева Талғат Аяновқа қатысты түсінік берген куәгер Ринат Кибраевты қорғаған. Ал Ринат Кибраев Талғат Аяновқа (Бұл екеуіне тағылған айыптар бірдей) қарсы куәлік берді. Сондықтан қарама-қарсы тараптарға бірдей заңгерлік қызмет көрсеткен адамның қылмыстық процесте қорғаушы болуға құқығы жоқ. Қорғаушы Ж. Балғабаеваның өзі Р. Кибраевқа заңгерлік көмек көрсеткенін жоққа шығарған жоқ»,- деді Г. Даулешова.