12:52, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бөкенбай Қараұлы
Бөкенбай Қараұлы (т.ж.б. - 1741) - Әбілқайыр хан жасағы қолбасшылырының бірі, батыр.
Кіші жүздің табын руынан шыққан. Жастайынан өзінің ағаларымен бірге жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске шығып, ерлігімен көзге түсті. 18-ші ғасырдың бас кезінде табын руына рубасы болып сайланды. 1710 жылы Тәуке ханның ықпалымен өткен Қарақұмдағы халық құрылтайына қатысып, онда жауға тегеуірінді соққы беру үшін бытыраңқы қазақ жасақтарын біріктіру жөнінде ұсыныс білдірді. Жоңғарлармен күресте Әбілқайыр ханмен бірге болып, қазақ жасақтарының үлкен бір тобына қолбасылық жасады. 1726 жылы Әбілқайырдың Еділ қалмақтарына жасаған жорығына қатысты.
Ол Кіші жүз қазақтарының Ресей империясы қол астына өтуін қолдады. 1731 жылы қазанда Ресей бодандығын мойындайтындығы жөнінде ант берді. Мұндай антты 1740 жылы тамызда Ор бекінісінде екінші рет қайталады. Ресей патшайымы Анна Иоановна Бөкенбай батырға күміспен өрнектелген қылышты арнайы сый ретінде жіберді.
Бөкенбай батыр 1741 жылы 500 адамнан тұратын жасақпен түрікмендерге жорық ұйымдастырды. Ол осы жорық кезінде түрікмендермен болған шайқаста қаза тапты.
Қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы қыраттың бірін халық Бөкенбай батырдың құрметіне «Бөкенбай шоқысы» деп атап кеткен. Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том