16:23, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бөкейханов Ғабдол Хакім Нұрмұхамедұлы
Бөкейханов Ғабдол Хакім Нұрмұхамедұлы (1896-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, Бөкей ханның ұрпағы.
Бөкей ордасы Шонай ауылында дүниеге келген. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін, Мәскеу ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1918 жылы Бөкей ордасы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1-ші қазақ атты әскери полкін құруға тікелей қатысты. 1919 жылы Қазақ революциялық комитетінің мүшесі ретінде Кеңес өкіметі жағына тарту мақсатында Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізді. Қазақ революциялық комитетінің ұлттық кадрларды іріктеп, қызметке тағайындау комиссиясының мүшесі бола жүріп, көптеген Алаш қозғалысы қайраткерлерін Орталық атқару комитеті мен Халық кеңесі комитетіндегі жауапты қызметтерге тағайындауға көмегін тигізді. 1920 жылы Бүкілодақтық атқару комитетінде Қазақ революциялық комитетінің өкілі болды. 1921-1922 жылдары - Семей губерниялық атқару комитетінің және Семей мен Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы. 1925-1932 жылдары ? Жер халық комитетінің алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары. 1933-1937 жылдары КСРО мақта-трактор орталығының өкілі, Оңтүстік Қазақстан облысының Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.
Қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1957 жылы ақталды.
Бөкейханов дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болды. А.Затаевичке қазақтың «Шалқыма», « Қос алқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», тағы басқа жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берді.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 2 том