«Боко Харам» тұтқындағы 219 оқушы қызды еріксіз күйеуге берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Боко Харам» исламдық топтың басшысы Абубакар Шекау өз видеомәлімдемесінде биыл сәуір айында ұрланған 219 оқушы ислам дінін қабылдап, тұрмыс құрғанын айтты. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.
«Шибокада ұрланған 200-ден астам оқушы ислам дінін қабылдағанын білмейсіздер ме? Біз оларды күйеуге бердік. Енді олар өз күйеулерінің үйінде тұрып жатыр», - деді радикалдардың лидері Абубакар Шекау.
Сондай-ақ ол 17 қазанда Нигерия билігімен қол жеткізілген татуласу жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды. Оның сөзіне қарағанда, топ бітімгершілік туралы келіссөздер жүргізуден бас тартты, деп жазды BBC News.
Айта кетейік, 2014 жылы сәуірдің басында Нигерия билігі «Боко Харам» тобына қарсы ауқымды контрлаңкестік операцияны бастаған. Бұл шара Шибокадан 276 оқушы ұрланған соң қабылданды. Ол кезде исламистер қыздарды құлдыққа сатуға немесе еріксіз тұрмыс құрғызатынын айтқан. РИА Новости ақпаратына сүйенсек, бүгінде 57 оқушы өз жанұяларына оралған.