БОКС: Әлем чемпионатында қазақстандық спортшы қыздар топ жарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайбэйде жасөспірімдер мен жастар арасында бокстан өткен Әлем чемпионатында қазақстандық қос боксшы жеңімпаз атанды.
Қазақстан бокс федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, жасөспірімдер арасында Қостанай облысының өкілі Надежда Рябец (66 келі) финалда американдық Кайли Холдан басым түсті. Ал Ләйла Құсайынова (63 келі) мен Дина Исламбекова (80 келі) қарсыластарынан ұтылып, күміс жүлдені еншіледі.
Жастар арасында Алматы облысынан барған Балауса Мұздиман (54 келі) финалда Еуропа чемпионы итальяндық Кончетта Марчезені тізе бүктірді. Ұлттық құрама капитаны Баян Ақбаева (69 келі) соңғы бәсекеде ресейлік боксшыға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Мұның алдында жеті боксшы қызымыздың қола жүлдегер атанғанын еске сала кетейік.