Бокс: Әлем чемпионатының жеңімпазы А.Жүсіповке 270 мың теңге табыс етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы атанған қарағандылық боксшы Абылайхан Жүсіповке 270 мың теңге табыс етілді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бокс: Әлем чемпионатының жеңімпазы А.Жүсіповке 270 мың теңге табыс етілді

Осы сомадағы сертификат оның бапкері Бауыржан Аманбаевқа да берілді.

Қарағанды Бокс федерациясы Жүсіпов пен Аманбаевтың еңбегін зор бағалап, осындай сый-сыяпат көрсетіп отыр. Аталмыш сертификаттар бүгін Серік Сәпиев атындағы бокс сарайында салтанатты жағдайда табыс етілді.

Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жастар арасында әлем чемпионы атанды. Финалда ол Румыния боксшысы Арсен Мұстафаны жеңген болатын. Софияда өткен әлем чемпионатында Қазақстанның жастар құрамасы екі алтын мен екі күміс медальдан қоржынға салып, додаға қатысқан 90 елдің ішінен жалпы командалық есепте бірінші орынды алды.

Тағы бір атап өтетін жайт, мамандар Абылайхан Жүсіповтің бокс техникасын Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің бокс мәнеріне ұқсатады.