БОКС: Алматыда «Астана арландары» аргентиналық «Argentina Condors» командасын 5:0 есебімен тізе бүктірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа ғана Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымы аясында өткен бокс додасында «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы аргентиналық «Argentina Condors» командасын 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Бес сайыс та аса тартысты өтті. Жанкүйерлер шаршы алаңға шыққан әрбір боксшымызға қызу қолдау көрсетіп отырды. Ал «арландықтар» аянып қалмады.
Азамат Исақұлов (52 келі) - Рикардо Ибарраны 3-0 (50:44, 50: 44, 50: 44), Роман Щегринов (60 келі) Брайан Нуньесті 3-0 (50: 45, 50: 45, 49: 46), Данияр Елеусінов (69 келі) Луис Веронды 3-0 (50: 45, 49: 46, 50: 45), хорватиялық легионер Хрвое Сеп (81 келі) Жозе Оливейраны 3-0 (49:46, 50: 45, 49: 46) есебімен ұтса, тағы бір хорватиялық легионер Филипп Хргович (91 келі) Карлос Ортеганы екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Азамат Исақұлов қарсыласын бесінші раундта нокдаунға жіберді.
Әсіресе, Данияр Елеусінов пен Луис Верон арасындағы жекпе-жек шиеленісті әрі тактикалық жағынан қызықты өтті. Данияр әдеттегідей өзінің ерекше тәсіліне көшіп, еркін қимылдап, қарсыласын шыр көбелек айналып, «билеп» жүріп ұрыс салды. Қарсыласына соққы дарытпаудың, сәтті жерінде қарымта шабуыл жасаудың үлгісін көрсетті.