БОКС: Алматыда «Астана арландары» мен венесуэлалық «Caciques Venezuela» командаларының кездесуі басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымы аясында венесуэлалық «Caciques Venezuela» командасымен тұсаукесер жекпе-жегі басталды.

БОКС: Алматыда «Астана арландары» мен венесуэлалық «Caciques Venezuela» командаларының кездесуі басталды

Бүгінгі додада отандастарымыз Мардан Берікбаев (49 келі) Йоел Финол Риваспен, Мейірболат Тоитов (56 келі) Хосе Диаспен, Самат Бәшенов (64 келі) Луис Арконмен, Мейірім Нұрсұлтанов (75 келі) Хуан Родригеспен және 91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит Альфонсо Флоренспен қолғап түйістіреді.

Айта кетелік, маусымаралық үзілісте «Астана арландары» ұжымында біраз өзгерістер орын алғаны белгілі. Нақтырақ айтар болсақ, клубтың бас директоры қызметіне бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін жеңімпазы, Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев тағайындалса, команданың бас бапкерлігіне Марат Жақиев бекітілді. К езінде Ердос Жаңабергеновтей Әлем чемпионын баптап өсірген білікті бапкерд ің есімі бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. Одан кейін Әділбек Ниязымбетов сынды Әлем және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерін тәрбиелеп шығарды. Қазақ боксының қыр-сырын, оның ішінде бапкерлік өнерді барынша терең меңгерген Марат Жақиев енді «арландардың» атой салуына да өз үлесін қоспақ. Биылғы маусымда команда толығымен қайта жасақталды. Өткен жылдың соңында Тараз қаласында өткен ел біріншілігінен кейін бас бапкер Марат Жақиев команда құрамына біршама жас боксшыларды қосты. Сонымен қатар Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Иван Дычко, Мардан Берікбаев, Самат Бәшенов, Руслан Мырсатаев, Ержан Музафиров, Теміртас Жүсіпов, Мейірболат Тоитов сынды тәжірибелі боксшылар «арландардың» сапында өнер көрсетеді.

Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған бокс маусымында «Астана арландары» клубы В тобында күш сынасады. Бұл топта қазақстандық былғары қолғап шеберлері Аргентина, Венесуэла, АҚШ, Италия, Әзербайжан, Польша және Пуэрто Рика клубының боксшыларымен шаршы алаңға шығады. Ал А тобында Куба, Украина, Ресей, Германия, Алжир, Мексика, Марокко және Қытай елдерінің командалары бар. Биылғы маусымда жобаға қатысатын командалардың саны біршама өскен. Мұның басты себебі, біріншіден, Бүкіләлемдік бокс сериясының жекпе-жектері жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып жатса, екіншіден, осы жоба арқылы 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады.