13:08, 23 Наурыз 2014 | GMT +5
БОКС: Ансельмо Морено 12-ші рет әлем чемпионы атағын қорғап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Панамалық Ансельмо Морено 53,52 келі салмақ санатында Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғады.
Панама астанасында өткен 12 раундтық жекпе-жекте ол аргентиналық Хавьера Чаконнан төрешілер шешімімен басым түсті.
Панамалық барлық раундта да қарсыласынан күші басым екендігін анық дәлелдеді. Тіпті екінші раундта қарсыласын екі мәрте нокдаунға да жіберді. Сонымен жекпе-жек қорытындысында төрешілер 117:108, 117:109, 118:108 есебімен жеңісті А.Мореноның қанжығасына байлады.
Осылайша, соңғы алты жыл бойы чемпиондықты ешкімге бермеген 28 жастағы Морено өз атағын 12-ші рет қорғап отыр. Ол 35 жеңіске жетіп, (12 нокаут), 2 мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан. Сонымен қатар бір рет қарсыласымен тең түскен.