Бокс: әйелдер арасында әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бокстан Нью-Дели (Үндістан) қаласында әйелдер арасында 15-24 қарашада өтетін әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокс: әйелдер арасында әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды

Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк олардың  есімдерін жария етті.

Ел құрамасына  Әйгерім Қасенаева (48 кг), Жайна Шекербекова (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Назым Ищанова (57 кг), Карина Ибрагимова (60 кг), Милана Сафронова (64 кг), Ақерке Бақытжан (69 кг), Аида Оңдаш (75 кг), Фариза Шолтай (81 кг) және Ләззат Күнгейбаева (81 кг жоғары) кірді.

Қазақстандық боксшылар Индонезиядағы Азия ойындарында ойдағыдай өнер көрсете алмағаны белгілі.

«Сондықтан Азия ойындарында 51, 57 және 60 келіде ел намысын қорғаған Назым Қызайбай, Сәния Сұлтанқызы және Римма Волосенко әлем чемпионатында жұдырықтаспайды деген шешім қабылдадық. Жалпы, біз бір жыл ішінде және қорытынды спаррингтерде спортшылардың өнер көрсетулерін бақылап, іріктеу жүргіздік. Мысалы, Карина Ибрагимова (60 келі) турнирлерде өзін жақсы қырынан көрсетті. Ал Дариға Шәкімова (75 келі)  биылғы дүниежүзілік додаға қатыспайды. Себебі, ол Алматыдағы жаттығу жиынында тізеден ауыр жарақат алды. Осы салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан Аида Оңдаш барады», деді В.Присяжнюк.

Бас бапкердің сөзіне қарағанда, 1-21 қазан аралығында Алматыда оқу-жаттығу жиындары өткен. Қазіргі кезде боксшылар Астанада жаттығуда. 12 қараша күні құрама Үндістанға бет алады.

«Әлем чемпионатындағы негізгі қарсыластарымыз ретінде Азия елдері, Ресей және АҚШ-тан келетін боксшыларды айтуға болады. Дегенмен қазіргі кезде бокста бәсекелестік жоғары, сондықтан басқалармен де есептестеуге болмайды. Басты мақсат - көбірек жүлдеге қол жеткізу», деп түйді ойын Вадим Присяжнюк.