БОКС: Әйелдер арасында өтетін Азия біріншілігінде бес жүлдеге қол жеткізсек деген үмітіміз бар - Қ. Манашев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия чемпионатына дайындалу мақсатында Алматы маңындағы «Тау самалы» спорт базасында Әзербайжан құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне бокстан әйелдер құрамасының бапкері Қайрат Манашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы дене жаттығуы және арнайы дайындық бойынша жиын қаңтар айының 25-нен 14-ші ақпанға дейін жалғасады.
«Азия біріншілігіне ұлттық құрама сапында 10 боксшымыз қатысады. Біздің басты қарсыластарымыз әдеттегідей - Қытай, Оңтүстік Корея және Үндістан құрама командалары. Бұл бокс додасында бес жүлдеге қол жеткізсек деген үмітіміз бар. Сәйкесінше, ұлттық құраманың белді боксшылары Назым Қызайбай, Ләззат Күнгейбай, Дариға Шәкімова, Дина Жоламан және Зарина Цолоеваға үлкен үміт артамыз» - деді бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасының бапкері Қайрат Манашев.
Азия чемпионаты үстіміздегі жылы мамыр айының екінші жартысында Қытайдың Ішкі Моңғолия аумағында өткізіледі. Нақты қай қалада өтетіндігі әзірге анықталған жоқ. Азия біріншілігінен кейін, боксшы қыздарымыз Польша, Қырғызстан, Болгария және Ресейде өтетін турнирлерге қатысады.
Айта кетелік, алдағы жылы Астана қаласында әйелдер арасында Әлем чемпионаты өтеді.