Бокс бапкері: Ауылдан шыққан балалар шымыр әрі шыдамды келеді

- Бапкер болып жұмыс істеп келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
- Қ.Мұңайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв спорт мектебінің бокс үйірмесінде бапкер болып жүргеніме 8 жылға жуық уақыт болды. Бапкерлікті жұмыс деуге келмес. Ол адамның сүйікті ісі болуы керек. Мықты бапкер өз ісінің фанаты болса ғана жетістікке жетеді деп ойлаймын.
- Қазіргі уақытта өзіңіз қанша баланы дайындап жүрсіз?
- Үйірмеге балаларды 10 жастан бастап қабылдаймыз. Жаттығу күніне екі рет сағат 09.00-ден 11.00-ге дейін және 17.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады. Аптасына 6 күн дайындалып, жексенбіде демалады. Бүгінгі таңда өзімнің қарамағымда 50-ге жуық бала бар. Оларға көрген-білгенімді үйретіп, ақыл-кеңестерімді айтып жүрмін.
- Олардың арасында түрлі жарыстарда жүлделі орын алғандар бар ма?
- Қазақстан біріншілігінде, облыстық жарыстарда жеңімпаз атанғандар да, жүлделі орын иеленгендер де аз емес. Бірақ қазіргі коронавирус пандемиясына байланысты сайыстар өткізілмей кетті. Болашағынан зор үміт күтетін шәкірттерім – Азамат Еренов, Айбар Ержанов, Санжар Қабат, Тимур Ербол, Мансұр Жұмажан, Расул Сағидолдинов, Айбол Ахметов. Тағы басқа да талантты жас боксшылар бар. Олардың бәрін тізіп шықпай-ақ қояйын.
- Бокс адамды неге тәрбиелейді?
- Бокс осалдардың спорты емес. Осы жолды таңдаған адам аянбай еш үздіксіз жаттықса ғана одан нәтиже шығады. Бокспен айналысқан бала патриот, намысшыл ер жігіт болып өседі. Өз-өзін, жақындарын қорғай алып, денсаулыққа зиянды заттардан аулақ жүреді. Бұл спорт түрінде жеңімпаз атану үшін физикалық тұрғыдан мықты болып қана қоймай, психологиялық жағынан да шымыр болу қажет.
- Бапкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілсе дейсіз?
- Бапкерлерді мұғалімдердің санатына жатқызып, айлығымызды арттырса жақсы болар еді. Өйткені, шынын айтқанда алатын жалақымыз аздау. Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Сол үшін кей кездері жұмыстан соң отбасымызды асырау үшін таксист болып ақша табуға тура келеді. Өзім бапкерлікпен айналысқанды жан тәніммен жақсы көретіндіктен, маған сенім артқан балалардың болашағына алаңдағандықтан осы жұмыстан кеткім келмейді. Егер жалақымыз артып, жағдайымыз жақсарса еш ойланбастан бар күш-жігерімді күні-түні бапкерлік жолға сарп етуге дайынмын.
- Болашақта Олимпиада чемпиондары көптеп шығу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Елімізде бокс саласына аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Десе де осымен тоқтап қалмау қажет. Ауылдардағы спортты дамытып, бокс үйірмелері көптеп ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Байқауымша, ауылдан шыққан балалар шымыр әрі шыдамды келеді. Әрине қаладан да сайдың тасындай спортшылардың шығып жататындығы бар. Алайда ауылда қара жұмысқа төселген бала жаттығуларды да оңай еңсеріп әкетеді. Кез келген атағы жер жарған боксшы, Олимпиада чемпионы бапкерінің ерен еңбегі болмаса осындай жетістікке жетпес еді. Өйткені, бапкерлер жас спортшының бойынан қабілетті байқап, оны дамытып, бірге жарыстарға ертіп апарып, қиналса қолтықтап, сүрінсе сүйемелдеуге тырысады. Сол үшін жаңа айтқанымдай, бапкерлердің жағдайына да назар аударылса екен деген тілегіміз бар.
- Әңгімеңізге көп рахмет!