Бокс: Бас бапкер Әбілхан Аманқұлдың жарақаты туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Токио Олимпиадасында 75 келі салмақта Қазақстанның намысын қорғайтын Әбілхан Аманқұлдың ескі жарақаты тағы сыр бермей ме? Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевқа БАҚ өкілдері Zoom арқылы өткен тікелей байланыста осындай сұрақ қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әбілхан Аманқұлдың жарақаты болғаны рас. Бірақ емделді. Санкт-Петербургтегі жарыста жарақат алып, біз оны әрі қарай шығарған жоқпыз. Осы Олипиадаға жақсы дайындалуы керек болды. Одан кейін Азия чемпионатында жақсы ойнап шықты. Қолы сыр берген жоқ. Ол жарақаты қазір мазалап жүрген жоқ. Жекпе-жектерден кейін қалай болатынын көреміз. Негізі дайындығы жақсы», - деді бапкер.

Ғалымбек Кенжебаев «Қазақстанның салмағы» атанып кеткен 69 келіде бақ сынайтын Абылайхан Жүсіповтің дайындығы туралы да айтты.

«69 келіні Қазақстанның салмағы деп бәрі айтып жүр ғой. Ол салмақ негізі Қазақстанда пайда болған жоқ, Қазақстандікі деп айтатындай. Өйткені Олимпиада бәлен жылдан бері өтіп келе жатыр. Иә, соңғы Олимпиадаларда осы салмақтан алтын медаль алып жүрміз. Сол дәстүрді жалғастырсақ деген үміт бар бәрімізде. Қазір Абылайханның дені сау, бәрі жақсы, дайындығы жаман емес. Бірінші жекпе-жегі өтсін. Әрі қарай көре жатармыз. Биылғы 69 келіні өте мықты салмақ деп айтуға болады. Өздеріңіз де көріп отырсыздар. Кубаның мықты боксшысы бар, Англияның боксшысы да осал емес, әлем чемипоны Замковой бар. Риода күміс медаль алған боксшы Әзербайжан атынан шығып жатыр. Солардың бәрі 69 келіні бәсеке өте мықты салмақ етіп тұр. Бірақ Абылайхан да олардан осал емес», - деді бас бапкер.

Соңғы жаңалықтар