БОКС: Бекман Сойлыбаевтың 27 тамызда өтетін жекпе-жектегі қарсыласы белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас боксшы Бекман Сойлыбаев өзінің кезекті жекпе-жегін бейсенбі, 27 тамызда өткізеді. Айқас OrangeCounty ойын-сауық орталығында өтеді, деп хабарлады Diamondring.kz.
Бекманның алтыншы жекпе-жегінде оның қарсыласы Хосе Луис Арайза (Jose Luis Araiza) болмақ. Мансабын 1998 жылы бастаған 36 жастағы мекискалық боксшы 25 жастағы Бекман Сойлыбаев үшін осы кезеңдегі ең тәжірибелі боксшы саналады. Мексикалықтың қанжығасында 45 айқас бар, оның 31-і жеңіспен, 22-сін мерзімінен бұрын аяқтаса, 13-інде жеңіліске ұшыраған, бір айқасты тең ойынмен аяқтаған. «Өзімнің кәсіби тұрғыдан жетіліп келе жатқанымды сезінемін, соны алдағы уақытта көрсеткім келеді, келесі айқасты тағатсыздана күтіп жүрмін...», - деп ойымен бөлісті Бекман. Жекпе-жек 27 тамызда Калифорнияда өтеді. Уақыт айырмашылығына байланысты қазақстандық жанкүйерлер шаршы алаңдағы жұдырықтасуды 28 тамызда тамашалайтын болады. Еске сала кетейік, Б.Сойлыбаев Калифорния штатындағы Чино қаласында 2 тамызда өткен жекпе-жекте мексикалық Серхио Нахерді кездесудің небәрі 38-ші секундында-ақ сұлатқан болатын.