БОКС: Бернард Хопкинс сөзінде тұрды, биыл күзде жартылай ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы анықталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жартылай ауыр салмақта IBF и WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы, 49 жастағы америкалық боксшы Бернард Хопкинс пен WBO чемпионы 31 жастағы ресейлік Сергей Ковалев арасында біріктіруші жекпе-жек өткізу туралы келісім-шартқа қол қойылды.
Бұл жайында Main Events промоутерлік компаниясының басшысы Кэти Дува мен Халықаралық бокс федерациясы (IBF) ресми түрде жариялады, деп жазады allboxing.ru сайты.
Жекпе-жекті үстіміздегі жылдың қараша айында өткізу жоспарланған және оны HBO телеарнасы тарататын болады. Бірақ, бокс жанкүйерлері асыға күткен бұл кездесу жүзеге асуы үшін Сергей Ковалев бүгін Атлантик-Сити (Нью-Джерси штаты, АҚШ) қаласында өтетін бокс кешінде бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген 27 жастағы австралиялық боксшы Блэйк Капареллоны қалайда жеңуі тиіс.
Айта кетелік, ресейлік боксшы да кәсіби рингте бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Ол барлығы 25 кездесу өткізген. Олардың 24-інде жеңіске жетіп, бір кездесуді тең аяқтаған. 22 кездесуде қарсыласын нокаутпен жеңгенін айта кеткен жөн. Осылайша Сергей Ковалев қазіргі таңда әлемдегі соққысы жойқын нокаутерлердің бірі болып саналады.
Ал бокстан әлемнің ең жасы үлкен чемпионы 49 жастағы Бернард Хопкинс өз сөзінде тұрды деуге болады. Өйткені ол осыдан екі апта бұрын RingTV порталына берген сұхбатында:
«Мен келісім-шартқа бірінші болып қол қойған жігітпен шығамын. Мен осы екі жігіттің бірімен (Олар Адонис Стивенсон мен Сергей Ковалев) жекпе-жекке шыққым келеді. Арманым биылғы жылдың соңына дейін әлемнің абсолютті чемпионы болу!» - деген болатын.
Айта кетелік, Бернард Хопкинс 2015 жылдың 15 қаңтарында 50 жасқа толады.
Ол биыл 20 сәуірде WBA чемпионы 30 жастағы қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменовты жеңіп, IBF нұсқасына осы WBA нұсқасын да қосып алған болатын.