Бокс: Бейбіт Шүменовтің қарсыласы жекпе-жекке шыға алмайды
АЛМАТЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шымкентте 8 қаңтарда жартылай орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы Бейбіт Шүменов пен Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы Юрген Бремер арасындағы титул біріктіру жекпе-жегі өтпейтін болды.
Шымкентте ішек-қарын жолы аяқ асты сыр берген неміс былғары қолғап шебері жедел Германияға қайтып кеткен. Қазақстандық боксшының промоутері Дэн Гуссеннің сөзіне қарағанда, олар бұл туралы қазақстандықтарды кеш құлағдар еткен.
Дүнижүзілік бокс қауымдастығы нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атағын Бейбіт Шүменов былтыр 29 қаңтарда АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында өткен кездесуде жеңіп алған болатын. 12 раундтық жекпе-жекте жерлесіміз испандық Габриэль Кампильоны ұпай саны бойынша (117-111, 115-113, 117-111) ұтты. Оған дейін оның қоржынында Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Азия-Тынық мұхит аймағының (WBO Asia Pacific) және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Азия бокс кеңесінің (WBC Asian Boxing Council), Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) нұсқалары бойыша чемпиондық белдіктері бар болатын.
Қазіргі таңда Б. Шүменовтың қоржынында Дүниежүзілік бокс қауымдастығының Азия-Тынық мұхит аймағының (WBO Asia Pacific) және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Азия бокс кеңесінің (WBC Asian Boxing Council), Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) чемпионы және Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының нұсқалары бойынша Әлем чемпионы белбеуі бар.
Тамыздың 19-ында 27 жасқа толатын Бейбіт былтыр шілденің 23-і күні АҚШ-тың Калифорния штатының Лемур қаласында Дүниежүзілік бокс қауымдастығының нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атағын сәтті қорғап шықты. Онда ол бірде-бір рет жеңіліс таппаған (22 кездесу өткізіп, оның 12-сін нокаутпен аяқтаған) Дүниежүзілік бокс қауымдастығының құрлықаралық чемпионы украиналық Вячеслав Узелковты ұтты. 12 раундық бұл жекпе-жекке қазылар 118:108, 118:108 және 117:109 деген ұпай берді.