БОКС: Бүгін 6 боксшымыз жартылай финал жолдамасы үшін айқасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Катар астанасы Дохада өтіп жатқан бокстан әлем біріншілігінде ширек финалға жолдама алған (әр салмақтан 8 боксшы) 80 спортшының аты-жөндері белгілі болды. Олардың алтауы қазақстандық боксшылар. Бүгін сол боксшыларымыздың қай елдің спортшыларымен жұдырықтасатыны белгілі болды.
Ширек финалға шыққан Қазақстанның алты боксшысының екеуі күндізгі сессияда сағат 18:00-де жұдырықтасса, қалған төртеуі кешкі бағдарламада бақ сынайды.
Бүгін Қазақстан боксшыларының ішінен шаршы алаңға бірінші болып Жәнібек Әлімханұлы шығады. Жәнібектің қарсыласы ирландиялық Майкл О'Релли. Екінші болып шаршы алаңға жерлестерімізден Василий Левит шығады. Оның қарсыласы украиналық Геворг Манукян.
Ал кешкі сессияда төрт боксшымыз өз бақтарын сынайды. Онда 52 келідегі Олжас Сәттібаев қытай боксшысы Цзяньгуан Хумен жұдырықтасады. 69 келі салмақта әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Данияр Елеусінов филиппиндік Еумир Марсиалмен қолғап түйістіреді. Тағы бір жүлдеден басты үміткер азаматымыз Әділбек Ниязымбетов өзбекстандық Елшод Расуловпен жекпе-жекке шығады.
Ал аса ауыр салмақтағы Иван Дычко неміс боксшысымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Бүгін де жерлестерімізге жеңіс тілейміз.
Ал төменде Ширек финалға әр салмақтан сегіз, яғни, 80 боксшы шықты. Ширек финалға шыққан боксшылар саны Куба - 9; Әзербайжан, Өзбекстан - 7; Қазақстан - 6; Ресей - 5; Ұлыбритания, Ирландия - 4; Украина - 3; Филиппин, Моңғолия, Таиланд, Үндістан, Беларусь, Голландия, Қытай, Франция, Хорватия - 2; Польша, Катар, Армения, Түркия, Эквадор, Египет, Аргентина, Италия, Пуэрто-Рика, Колумбия, Германия, Иордания, Алжир, Коста-Рика, Бразилия, Литва, Марокко боксшыларынан бір-бірден ғана боксшылар ширек финалға өтті.
Күнсұлтан Отарбай