БОКС: Бүгін «Қазақстан Президентінің кубогы» Халықаралық турнирінде финалдық кездесулер басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан ересектер арасында «Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы» IV Халықаралық турнирінің финалдық кездесулері басталды.

БОКС:  Бүгін «Қазақстан Президентінің кубогы» Халықаралық турнирінде финалдық кездесулер басталды

Кеше жартылай финалдық жекпе-жектерде 11 қазақстандық былғары қолғап шебері ақтық сынға жолдама алған болатын.

Сайыстар 49, 52, 64,69,75,81 және 91 салмақ дәрежесінде өтті.

Атап айтар болсақ, Жомарт Ержан (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), 2013 жылғы Қазақстан чемпионы Алмасбек Әлибеков (64 кг), Нұржан Бекзатов (+91 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) жеңілістің ащы дәмін татса, 2013 жылғы әлем чемпионы Біржан Жақыпов (49 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Жанболат Тілегенұлы (56 кг), Данияр Елеусінов (69 кг), Сағадат Рахманқұлов (69 кг), Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг), Дәурен Елеусінов (81 кг) және Иван Дычко жартылай финалдан сүрінбей ақтық сынға шықты.

Бұл жерде бір айта кететін жәйт, 56 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатқан Жанболат Тілегенұлы ширек финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы Робейси Рамирезді тізе бүктірсе, кеше жартылай финалда Лондон Олимпиадасының финалисі моңғолдық боксшы Тугцогт Ноямбаярды тізе бүктірді. Енді өткен жылы ғана ел біріншігінде ғана көге түскен жас боксшы финалды отандасы Қайрат Ералиевпен кездеседі.

69 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан 2013 жылғы Қазақстан чемпионы Сағадат Рахманқұлов жартылай финалда 2013 жылғы әлем біріншілігінің финалисі кубалық Ариснодиус Диспэйнді айқын басымдықпен жеңіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен бүгінгі ақтық сында шаршы алаңға мына төмендегі былғары қолғап шеберлері шығады:

49кг: Біржан Жақыпов (Қазақстан) - Хасанбай Досматов (Өзбекстан)

52 кг: Рэй Салудар (Филиппин) - Шахобиддин Зоиров (Өзбекстан)

56 кг: Қайрат Ералиев (Қазақстан) - Жанболат Тілегенұлы (Қазақстан)

60 кг: Берік Әбдірахманов (Қазақстан) - Чарли Суарез (Филиппин)

64 кг: Вуттичай Масук (Тайланд) - Луис Олива Генер (Куба)

69 кг: Данияр Елеусінов (Қазақстан) - Сағадат Рахманқұлов (Қазақстан)

75 кг: Жәнібек Әлімханұлы (Қазақстан) - Дмитрий Митрофанов (Ресей)

81 кг: Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан) - Дәурен Елеусінов (Қазақстан)

91 кг. дейін: Антон Пинчук (Қазақстан) - Руис Кордова Херих (Куба)

91 кг жоғары: Иван Дычко (Қазақстан!) - Иоранди Тоирак Ортега (Куба)

Бүгінгі финалдық жекпе-жектер әдеттегідей Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр.

Кіру тегін.

Сонымен қатар www.kfb.kz сайтында тікелей онлайн-трансляция жүргізіледі.