БОКС: Егер бағасына келіссем, 50-ші жекпе-жекті де өткізуім мүмкін - Флойд Мейвезер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлемнің ең үздік боксшыларының көшбасшысы 37 жастағы америкалық былғары қолғап шебері кіші-Флойд Мейвезер мен Showtime телеарнасы арасында бірегей келісімшарт жасалғаны белгілі. Соған сәйкес, қандай қарсылас болмасын, әрбір ұйымдастырылған бокс шарасы қаржы жағынан табыс әкелсін-әкелмесін, Флойд әр жекпе-жек үшін кем дегенде 32 миллион доллар сыйақы алып отыруы тиіс.

БОКС: Егер бағасына келіссем, 50-ші жекпе-жекті де өткізуім мүмкін - Флойд Мейвезер

Бұл келісімшарт алты кездесуге шақталған, деп жазады allboxing.ru сайты. Әзірше үш кездесу артта қалды. Алда тағы үш кездесу бар. Егер Флойдтың тасы өрге домалап тұрса, келісімшарттың соңында оның рекорды 49-0 болады! Showtime телеарнасымен арадағы келісімшарт аяқталған соң спорттық карьерасын тәмамдайтындығы туралы Флойд бұған дейін талай рет айтқан болатын. Бірақ күні кеше ол 50-ші кездесуді де өткізуі мүмкін екендігін жеткізді.

«Егер бағасы дұрыс болып жатса және 50-ші жекпе-жекке қол жеткізгім келетін болса, онда барлығы да мүмкін», - деді Мейвезер BoxingScene.com порталына берген сұхбатында. - Менің басты мақсаттарымның бірі - ол бір жекпе-жекті Нью-Йоркте өткізу».

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин АҚШ-тың On the Ropes Boxing Radio-сына берген сұхбатында:

«Флойд Мейвезермен жекпе-жек өткізу - менің арманым. Бұл мүмкін. Бұл бокс жанкүйерлері үшін де, телеарналар үшін де, барлығы үшін де өте қызықты жекпе-жек болар еді деп ойлаймын. Әрине, түсінемін, мен HBO телеарнасымен, ал Флойд Showtime телеарнасымен жұмыс істейді. Бірақ мен промоутерімнен сұрап едім, ол мұндай кездесудің мүмкін екендігін айтты. Мен бұған үміттенемін», - деген болатын.

Бұл жерде бір айта кететін жайт, Геннадийдің промоутері Том Леффлер мырза биыл бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында шәкіртінің тек Флойд Мейвезермен бокстасу үшін ғана бірінші орта салмаққа яғни, 154 фунтқа (69.85 кг) дейінгі салмақ категориясына түсетіндігін, басқа қызықтырмайтын кездесулер үшін түспейтіндігін нықтап жеткізген болатын. Сондықтан, егер жақын болашақта бұл кездесу Флойдтың қызығушылығын туғызатын болса, ол әрине осы 154 фунтқа көтерілуі тиіс.

Бокс жанкүйерлері жатса-тұрса аңсайтын бұл кездесудің болу-болмауы енді негізінен екі тараптың қалтасы қалың промоутерлері мен уақыт еншісінде.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин орта салмақта ( 72,574 кг дейін), ал Флойд жартылай орта салмақта (66, 678 кг) өнер көрсетеді.

Геннадий күні бүгінге дейін кәсіби рингте 29 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ал Флойдың рекорды әзірше 46-0.