Бокс: Ермахан Ыбырайымов өз командасының Астанада өтіп жатқан Әлем чемпионатында жетістікке жететініне сенімді

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанның бокстан жасөспірімдер құрамасының менеджері Ермахан Ыбырайымов өз командасының Астанада өтіп жатқан Әлем чемпионатында жетістікке жететініне сенімді.

Бокс: Ермахан Ыбырайымов өз командасының Астанада өтіп жатқан Әлем чемпионатында жетістікке жететініне сенімді

Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Мұндай ірі додаларда біздің жігіттер күміс, қола медальдар олжалап келді. Астанадағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық 1-орынды иеленуді жоспарлап отыр. Бірақ бұған бізге Ресей, Украина, Германия, Беларусь, Әзірбайжан құрамалары жойқын қарсыластық танытпақ. Алайда жарыстың өз жерімізде өткізілуі біздің жігіттерге күш береді деп ойлаймын», - деп атап көрсетті ол.

Е. Ыбырайымовтың айтуынша, Астанаға белгісіз себептермен Куба, АҚШ және Қытай елдерінің жасөспірім боксшылары келмей қалған. Бұл жағдай біздің команданың жеңіске жетуіне қосымша мүмкіндік бермек.

Қазақстанның жасөспірім боксшылары 2003 жылы Бухаресте және 2005 жылы Ливерпульде өткен әлем біріншіліктерінде үздік үштікке еніп, өте тамаша көрсеткіштерге қол жеткізген болатын. Ал 2009 жылы 3 күміс және бір қола медальмен Қазақстан жалпыкомандалық 9-орынды місе тұтқан еді. Әлем чемпионаттарында ұтқан медальдар саны бойынша біздің ел Ресей мен Украинадан кейін 3-орында. Біздің қоржынымызда әр түрлі жетістіктегі 34 награда бар.