Бокс: Флойд Мэйуэзердің промоутерлері Лас-Вегастағы аренаны жалға алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық боксшы Флойд Мэйузердің айқастарын ұйымдастырумен айналысатын Mayweather Promotions компаниясы Лас-Вегастағы MGM Grand Garden аренасын 26 тамызға жалға алды.
Бұл туралы Невада штатының Спорттық комиссиясының сайтында хабарланды.
Стадион ММА жауынгері ирландық Конор Макгрегор мен америкалықтың жекпе-жегін өткізу үшін резервтелген.
Business Insider ақпаратына қарағанда, бұл айқас үшін ирландық 75 миллион, америкалық 100 миллион доллар алады.
Айта кетсек, Макгрегор мен Мэйуэзер арасындағы жекпе-жектің болу мүмкіндігі жайлы алғашқы хабар 2016 жылы мамырда пайда болған еді. 40 жастағы Мэйуэзер кәсіби мансабында 49 рет жеңіске жеткен (16 нокаут). Ал ирландық ММА ережесі бойынша 24 айқас өткізген, оның 21-інде ұтқан (18 нокаут), 3 рет жеңілген. Макгрегор спорттық карьерасын ұлы дүниеге келуіне байланысты тоқтатқан еді.