БОКС: Г.Головкин Рубиомен жұдырықтасуы 12 раундқа дейін жалғасуы мүмкін екенін мәлім етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мексикандық Марко Антонио Рубиомен өтетін кездесу барлық 12 раундқа жалғасуы мүмкін деген болжамын жоққа шығармады. Бұл туралы ВКонтакте желісіндегі «GGG» тобының парақшасында жарияланған.
«Ол мен үшін өте маңызды әрі қазір мықты қарсылас. Мен оның жұдырықтасу стилін осыған дейінгі қарсыластарыммен салыстыра алмаймын. Мен үшін мұндай жағдай бірінші рет. Бұл үлкен сынақ. Менің бұл кездесуге дайындығым да өзгеше. Бұл кездесу мүмкін төрешілердің шешімімен аяқталатын шығар, және маған осындай кездесу керек. Мен Марко Антонионың ақылды жігіт екенін білемін. Ол маған лаки-панч үшін үлкен мүмкіндіктер бермейді», - деді баспасөзге берген сұхбатында Г.Головкин. Еске сала кетейік, 32 жастағы қазақстандық Геннадий Головкиннің 34 жастағы мексикандық Марко Антонио Рубиомен кездесуі 19 қазан күні таңертең Карсондағы (АҚШ, Калифорния штаты) StubHub Center-де өтеді. Бұл доданы KazSport телеарнасы Астана уақыты бойынша шамамен таңғы сағат 7-лерде тікелей эфирде көрсетеді.