Бокс: Геннадий Головкин мен Хасан н'Дам н'Жикам арасындағы кездесу өтпейтін болды

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен камерундық былғары қолғап шебері Хасан н'Дам н'Жикам арасындағы кездесу өтпейтін болды.

Бокс: Геннадий Головкин мен Хасан н'Дам н'Жикам арасындағы кездесу өтпейтін болды

«Аламан» ұлттық спорт порталының мәліметіне қарағанда, қос боксшының промоутерлері ортақ келісімге келе алмады. Головкиннің менеджері Олег Герман жағдайды былай түсіндірді: «н'Жикаммен көп уақыт бойы келісімсөз жүргізіп, шаршы алаңда кездесуге шақырдық. Ақыры Данецкідегі WBA конвенциясында Хасанның промоутері Генадиймен жекпе-жек өткізуден бас тартты»,-деді ол.

«Алдағы уақытта Штурммен (Феликс Штурм, неміс боксері,  WBA тұжырымы бойынша суперчемпион.) кездесу өткізбекпіз. Келесі жеті осы мәселеге арналады. Жекпе-жек 13 сәуірде Германияда болмақ. Феликс Генадиймен кездеспеу үшін түрлі амалдар іздеуі мүмкін»,-дейді О. Герман.

Естеріңізге сала кетсек, Г. Головкин соңғы жекпе-жегін Лахуан Саймонмен өткізіп, американдық қарсыласын 3-інші раундта сұлатып түсірді.