Бокс: И.Дычко Қазақстан құрамасының қоржынына 4-ші алтын салды
АСТАНА. ҚазАқпарат Бангкокте өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Иван Дычко қытайлық боксшысын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
91 келіден жоғары салмақ санатында шаршы алаңға шыққан И.Дычко алғашқы раундта қытайлық боксшы Жибао Вангтан басымдық танытты. Иван екінші, үшінші раундтарда да қытай боксшысын ауыр соққының астына алып, оның жеңіске жетуіне еш мүмкіндік бермеді. Осылайша Қазақстан қоржыны Иванның 4-ші алтынымен толықты. Бұған дейін 52 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз Олжас Сәттібаев бұған дейін өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировті жеңіп, еліміздің қоржынына алғашқы алтын медаль салған болатын. Одан кейін Данияр Елеусінов Жасөспірімдер арасында 2011 жылы әлем чемпионы болған филиппиндік Эумир Марциалды жеңіп, Азия чемпионы атанған еді. Сондай-ақ Василий Левитте өзбек боксшысы Рустам Тулагановтан айласын асырып, қоржынымызға үшінші алтын салған еді. Ал өкінішке орай, 60 келі салмақ санатында шашы алаңға көтерілген боксшымыз Зәкір Сафиуллин 2014 жылғы Азиада чемпионы атанған моңғол боксшысы Отгондала Доржнямбууға есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтқан болатын.