Бокс: Қазақстан қоржынында үшінші алтын, В.Левит - Азия чемпионы
АСТАНА. ҚазАқпарат Бангкокте өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Василий Левит өзбек боксшысын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
91 келі салмақ санатында өнер көрсеткен В.Левит шаршы алаңда өзбек командасының ең тәжірибелі боксшыларының бірі Рустам Тулагановпен кездесіп, алғашқы раундта есе жіберіп қойды. Екінші раунда жинақылық танытқан Василий қарсыласын ауыр соққылардың астына алып, есепті теңестіре алды. Шешуші раунд та да Василий қарсыласынан басымдық танытты. Осылайша, ол Қазақстан қоржынына Азия чемпионатының үшінші алтынын салды. Бұған дейін 52 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз Олжас Сәттібаев бұған дейін өзбек боксшысы Шахобиддин Зоировті жеңіп, еліміздің қоржынына алғашқы алтын медаль салған болатын. Одан кейін Данияр Елеусінов Жасөспірімдер арасында 2011 жылы әлем чемпионы болған филиппиндік Эумир Марциалды жеңіп, Азия чемпионы атанған еді. Ал өкінішке орай, 60 келі салмақ санатында шашы алаңға көтерілген боксшымыз Зәкір Сафиуллин 2014 жылғы Азиада чемпионы атанған моңғол боксшысы Отгондала Доржнямбууға есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтқан болатын.