13:26, 05 Қараша 2017 | GMT +5
Бокс: Қазақстан тумасы WBC және WBO титулын қорғады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Неміс боксшысы Кристина Хаммер ганалық Гифти Амануа Анкраны нокаутпен жеңді, деп хабарлайды Sports.kz.
Мюнхенде (Германия) өткен жекпе-жек он раундқа есептелген. Хаммер қарсыласын төртінші раундта нокаутқа түсіріп, орта салмақтағы WBC және WBO титулын қорғады. Неміс спортшысы үшін бұл жетістік кәсіби рингтегі 22-ші жеңісі болған.
«Әлі де чемпионмын. Мен қарсыласымды төртінші раундта сұлаттым. Бұл мен үшін жаттығу саналады, себебі менің арманым - АҚШ-та үлкен айқастарға шығу және ол арманым қаңтарда орындалмақ. Командама, маған сенген адамдарға рахмет», - деп жазды Хаммер өзінің Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Кристина Қарағанды облысында (Новодолинка кенті) дүниеге келген, кейін балалық шағында ата-анасымен Германияға көшіп кеткен - қазір спортшы Дортмундта тұрады.