Бокс: Қазақстан жастар арасындағы әлем чемпионатында екі алтын, бір күміс иеленді
Атап айтқанда, бүгін 46-49 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Шалқар Айқынбай финалдық кездесуде өзбекстандық қарсыласы Сүлеймен Латиповтан 3:0 есебімен басым түсіп, ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтын әперген болатын. Ал екінші алтынды 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қарағандылық Абылайхан Жүсіпов иеленді. Финалда румыниялық қарсыласынан басым түскен Абылайхан Жүсіпов биыл жастар арасындағы Азия чемпионатында да топ жарып, турнирдің үздік боксшысы атанған болатын.
Сонымен қатар, әлем чемпионаты өтіп жатқан шаршы алаңда шымкенттік Сұлтан Зауырбек күміс медаль еншіледі. 56 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалда Куба боксшысына 3:0 есебімен есе жіберіп алған еді.
Еске сала кетейік, дәл қазіргі уақытта София қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақстаннан төрт бірдей боксшы шыққаны белгілі болған еді. Сонымен қатар, енді біраз уақыттан соң 81 келіде өнер көрсететін жерлесіміз Вадим Казаков үшінші алтын үшін шаршы алаңда бақ сынамақ.