Бокс: Қазақстандық Валентина Хальзоваға жолдама бұйырмады

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Валентина Хальзова ширек финалда қарсыласынан ұтылып, Париж олимпиадасының жолдамасынан қағылды. 

Валентина Хальзова
Фото: Бокс федерациясы

Отандасымыз ширек финалда Хальзова Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбамен Олимпиада жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде физикалық мықтылығын ұтымды пайдаланған Кинди Нгамба отандасымызды 3 мәрте нокдаунға түсіріп, уақытынан бұрын жеңіске жетті.

Осылайша Италияға барған бес бұрымды боксшымыздың үшеуі жарысты ерте аяқтаса, Хальзова ширек финалда ұтылды. Енді қыздарымыздан тек Алуа Балқыбекова ғана қалды. Ол кешкі сессияда Германия боксшысы Макси Карина Клоетзермен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек уақыты 23:00-ге жоспарланған.

Осы орайда айта кетейік, әзірге әйелдер арасында Париж Олимпиадасының бір ғана жолдамасы бар. Оны өткен жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында (Қытай) 57 келіде әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, 27 жастағы Карина Ибрагимова жеңіп алған болатын.

Сонымен қатар бүгін 51 келіде Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық Киаран Макдональдпен 00:00-де шаршы алаңға шығады. Сәкен Бибосыновтың қарсыласы — Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері.

57 келі салмақта сынға түсіп жатқан жерлесіміз Сабырхан Махмұд тәжікстандық 2011 жылы Астана төрінде өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарған және 2011 жылы әлемде ең мықты жасөспірім атағын жеңіп алған Асрор Вохидовпен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек 00:30 шамасына жоспарланған.

Сабырхан Махмұдтан кейін іле-шала 71 келі салмақтағы отандасымыз Асланбек Шымбергенов Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен күш сынасады. Оның қарсыласы — 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Сонымен қатар 80 келі салмақтағы жерлесіміз Нұрбек Оралбай Астана уақытымен 01:30 шамасында 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Ирландия боксшысы Келин Кассидимен Олимпиада жолдамасын сарапқа салмақ.

Айта кетсек, лицензиялық турнирде жартылай финалға дейін жеткен боксшылар 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алады.

Соңғы жаңалықтар