БОКС: Қазақстандық жасөспірім қыздар Германиядағы турнирден 12 медальмен оралды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Queens cup boxing халықаралық турнирінен 1996-1998 жылдар аралығында туған қазақстандық жасөспірім боксшы қыздар жүлделі оралды, деп хабарланған Қазақстан боксының ВКонтакте желісіндегі парақшасында.
Дүбірлі дода Германияның Штарльзунд қаласында 23-26 қазан аралығында өткен. Оған аттанған 14 қыздың 12-сі медальмен оралды. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының қоржынына 5 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде түскен.
Оның ішінде Айгерім Асқарова (ересектер арасында), Баян Ақбаева, Динара Кәкенова, Аида Оңдаш, Аида Әбікеевалар алтын жүлдені қанжығаларына байласа, Назерке Жорғараева мен Балауса Мұздыман күмісті иеленген. Ал Махаббат Әбдіманапова, Ақтолкын Кеңесбекова, Ұлдана Нұрланова, Ангелина Лукас, Надира Маратова, Меруерт Қоныспай жарыстың қола жүлдесін олжалаған.