Бокс: Қазақстанның жастар құрамасы Әлем чемпионатында 1-орын алуды жоспарлауда

АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада 23-30 шілде аралығында «Қазақстан» спорт кешенінде жастар арасында бокстан Әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 50 елінен 500-ге тарта қатысушысы келеді деп күтілуде.

Бокс:  Қазақстанның жастар құрамасы Әлем чемпионатында  1-орын алуды жоспарлауда

Байрақты бәсекеде қазақстандық боксшылар жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан бокс қауымдастығының вице-президенті Серік Қонақбаев мәлім етті.

Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) президенті Чинг-Куо Вудың айтуынша, Қазақстан жастар құрамасының бұған барлық мүмкіндігі бар. Себебі, құрама әлемнің ең үздік боксшылардың отаны саналатын Куба, Ресей, Украина және Әзірбайжан елдердің қатарында және өте беделді орынды иеленеді.

Мәслихатта атап көрсетілгеніндей, бүгін боксшылар салмақ өлшейді және жарыстың жеребе тарту рәсімі өтеді. Алғашқы кездесулер ертең, 23 шілде күні басталады.

«Бүгін 16.00-де жеребе тартылады, ертең 14.30-да алғашқы кездесулер басталады, ал 16.00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтеді», - деп атап өтті С. Қонақбаев.

Қазақстан аталған додаға 13 боксшыны қатыстырады. Республиканың жастарын бас бапкер Сұлтан Костоев бастап барады.

Байрақты бәсекеде ел намысын Олжас Қалаубек (46 келі), Заңғар Темірхан (48 келі), Әлібек Басапа (50 келі), Рауан Затулла (52 келі), Бекжан Қибатқалиев (54 келі), Ерболат Ермеков (57 келі), Аян Қалыбеков (60 келі), Дәуітбек Қайыргелді (63 келі), Ақылбек Әділғазиев (66 келі), Дәулет Байғабатов (70 келі), Асқар Дүйсәлі (75 келі), Тілек Қозбақов (80 келі), Дидар Төлен (+80) қорғайтыны белгілі болды.

Жарыстың ақтық сыны 30 шілдеге белгіленген.

«Бокстан әлем чемпионатының өткізілуі біздің елдегі жанкүйерлердің және халықтың үлкен қызығушылығын оятты. Осы күндері біріншілікте өнерлерін паш ететін көптеген қатысушылар болашақ жұлдыздар атанатынына күмәнім жоқ және оларды Бразилияда өтетін Олимпиадада көріп қалуымыз ғажап емес», - дейді С. Қонақбаев.

Айта кетейік, 2009 жылы алғаш рет ұйымдастырылған әлем чемпионатына 47 елден 283 былғары қолғап шебері қатысқан болатын. Қазақстан сол чемпионатта 3 күміс, 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 9 орынға табан тіреген еді.