Бокс: Қытайлық қандасымыз лицензиялық турнирдің ширек финалында сүрінді

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін Қытай құрамасының сапында сынға түскен қандасымыз Данабек Байғазы ширек финалда қарсыласына жол беріп, Олимпиада жолдамасынан қағылды.

Данабек Байғазы
Фото: sports.kz

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қытайлық этникалық қазақ боксшы лицензиялық турнирдің ширек финалында Норвегия боксшысы Омар Мохамед Шинамен жұдырықтасты. Өкінішке қарай, жекпе-жек барысында қазақ боксшысының қабағы жыртылып, нәтижесінде шаршы алаңдағы рефери жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті норвег боксшысына берді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Данабек Байғазының Қытай ұлттық құрамасының капитаны ретінде таңдалып, жолдамаға басты үміткер боксшыларының бірі ретінде аттанғанын жазған болатынбыз.

Айта кетсек, өткен жылы Данабек Байғазы Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жетсе, Ханчжоуда (Қытай) өткен Жазғы Азия ойындарында жолдамаға сынық сүйем жетпей сүрінген болатын.

Нақтырақ айтсақ, ширек финалда ол Моңғолия атынан сынға түскен Бекнұр Халимен жұдырықтасып, оны екінші раундта үш рет нокдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Солай жолдама ала алмай қалған еді. Ханчжоуда финалға шыққан боксшыларға ғана Париж олимпиадасының жолдамасы бұйырған болатын.

Соңғы жаңалықтар