Бокс: Құрлықтық іріктеу турниріне әр салмақтан бір спортшыдан ғана барады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы құрлықтық лицензиялық турниріне қызу дайындалып жатыр. Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынында ұлттық құрама мүшесі Асланбек Шымбергенов командаластары туралы айтып берді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бокс: Құрлықтық іріктеу турниріне әр салмақтан бір спортшыдан ғана барады

«Оқу-жаттығу жиыны өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Шеберліктерін шыңдауға Англия, Германия, Беларусь құрамалары елордамызға келіп отыр. Ұлттық құрама барын салып, лицензиялық турнирге тыңғылықты дайындалып жатыр. Өкінішке қарай, ақпан айында болатын лицензиялық іріктеу турнирін кейінге шегерді. Негізі ұлттық құрамадағы спортшылардың барлығы өте жақсы дайындықта болған. Наурызға қалдырылғанымен ол біздің балаларға кері әсерін тигізбейді деп ойлаймын. Іріктеу турниріне кімдер баратыны белгісіз. Қазіргі таңда 69 келіде ұлттық құрамада мен, Абылайхан Жүсіпов, Талғат Шайкен және Аятулла Такижанов дейтін төрт спортшы бармыз. Құрлықтық іріктеу турниріне әр салмақтан тек бір спортшыдан барады. Кімнің баратынын ұлттық құраманың бапкерлері шешеді», - дейді Асланбек Шымбергенов.

Айта кетерлігі, бокстан құрлықтық іріктеу кезеңі Қытайдың Ухань қаласында 3-14 ақпан күндері өтуі тиіс еді. Алайда, коронавирустың таралуына байланысты адамдардың денсаулығына нұқсан келтірмеу мақсатында жергілікті ұйымдастыру комитеті турнирді кейінге қалдырғаны туралы мәлімдеді. Осыған байланысты, құрлықтық іріктеу турнирі 3-11 наурыз аралығында Амманда өтетін болды.