Бокс: Қызылжардан ұшқан қыран - Жанат Жақиянов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда қазақ спортшыларының әуесқой бокстағы жетістіктеріне әлем елдері қызыға да, қызғана да қарайды. Алайда, кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген боксшыларымыз саусақпен санарлық. Солардың ішінде бірі де, бірегейі де - Геннадий Головкин.

Бокс: Қызылжардан ұшқан қыран - Жанат Жақиянов

Қазақ жанкүйерлері Генаны өз бауырындай көріп кеткелі қашан?! Гена бүгін құрлықтың арғы бетінде айқасқа шығады десе, түн ұйқысын төрт бөліп, сол жекпе-жекті көруге асықпайтын адамдар кемде-кем. Оның бүгінге дейінгі бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктерін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі десек артық айтқанымыз емес.

Бірақ, Гена кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан шығып жүрген жалғыз боксшы емес. Оның артынан ізін басып, өкшелеп келе жатқан жас таланттар да жетерлік. Солардың бірі ел назарында көп бола бермейтін, алайда біраз биіктерді бағындырып үлгерген петропавлдық кәсіпқой боксшы - Жанат Жақиянов. Біз бүгін Жанат туралы кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
2

Жақиянов - өткен жылы қазақ спортшыларының ішіндегі өз міндетін абыроймен атқарған спортшының бірі деп айтуға толық негіз бар. Себебі, ол өткен жылы кәсіпқой бокстан WBA нұсқасы бойынша жеңіл салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол бұл атаққа өткен жылы Монте-Карлода өткен 12 раундтық жекпе-жекте қол жеткізді. Қарсыласы WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы венесуэлалық Йонфрес Парехон (17-1-1, 8 КО) болатын. Сондай-ақ, қазақтың кәсіпқой боксшысы өткен жылы WBC тұжырымының жаңартылған рейтінгінде Таиланд тарланбозы Суриян Сор Рунгвисайды басып озып, Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласудан үміткерлер арасында бірінші орынға шықты. Мұның өзі қазақ боксшысының кәсіпқой бокс әлеміндегі орнын айқындай түсті.

Естеріңізде болса, өткен жылы сәуір айының соңында Жанат Жақиянов EBU тұжырымы бойынша жеңіл салмақта (53,5 келіге дейінгі) Еуропа чемпионы атағын да жеңіп алған болатын. Осы чемпиондық атақ үшін өткен жекпе-жекте Қазақстан боксшысы француз Карим Гуэрфиді нокаутқа түсірген.
3

Айта кетейік, ZZ лақап атымен өнер көрсетіп жүрген жерлесіміз жеңіл салмақта WBC Eurasia Pacific Boxing Council атағының жеңімпазы. Енді Жанат биылғы, 2016 жылғы алғашқы жекпе-жегін көктем айларында өткізуді жоспарлап отыр.

Жанат кәсіпқой боксқа 2007 жылы бет бұрған болатын. Содан қазіргі уақытқа дейін 27 кездесу өткізіп, 26 рет же­ңіске қол жеткізді. Оның 18-ін мерзімінен бұрын аяқ­тады. Ол өткен жылдың 7 қарашасында ве­несуэлалық Йонфрез Парехоны ұпай санымен ұтып, уақытша әлем чемпионы атағына қол жет­кізді.
1

Бұл күндері Жақиянов кезіндегі Ұлыбри­танияның атақты боксшысы Рикки Хаттонның қоластында жаттығуда. Қазіргі кезде Жанат Жақияновтың командасы Ұлыбританияның белді боксшыларының бірі, WBA нұсқасының толыққанды чемпионы Джейми МакДоннелмен келіссөздер жүргізуде. Бұл жігіттің де жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. 29 жастағы Джейми 2005 жылдан бері кәсіпқойлар­мен күш сынасып жүр. Сол кезден бері 30 рет рингке көтеріліп, 27 рет жеңіске жетті. 12 қарсыласын нокаутқа жіберді. 2 рет ұтылып, тағы 1 бәсекеде тең есеп тіркелді. Бұл күндері аталмыш нұсқа бойынша алтын белбеу дәл осы МакДоннелге тиесілі.

Жанат Жақиянов туралы жалпы мағұлмат:

Толық есімі: Жанат Ескендірұлы Жақиянов

Лақап аты: ZZ

Азаматтығы: Қазақстан

Туған күні: 4 қараша 1983 (32 жас)

Туған жері: Петропавл

Тұрғылықты жері: Петропавл

Салмағы: Аса жеңіл салмақ (53,5 келі)

Тұрысы: Оңқай

Бойы: 170 см

Қолдың қарқыны: 170 см

Бапкері: Рикки Хаттон

Командасы: Hatton promotions

Кәсіби карьерасы

Алғашқы айқасы: 3 тамыз 2007 жыл

Соңғы айқасы: 7 қараша 2015 жыл

Чемпион белдігі: EBU, WBA interim

Айқастар саны: 26

Жеңгендер саны: 25

Нокаутпен жеңгені: 18

Жеңілгендер саны: 1

Міне, кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшыларымыздың бірі Жақиянов туралы толық мәліметті назарларыңызға ұсындық. Еліміздің Әнұранын шарықтатып, көк Туымызды биікте қалықтатып жүрген бауырымыздың алар асуы мен басар белесі әлі алда екені анық. Қазақтың қайсар ұлдары әуесқой бокс шаршы алаңдарында ғана әлемді мойындатпай, кәсіпқой бокс ареналарында да абыройымызды асқақтатады деген үміттеміз.

Күнсұлтан Отарбай