БОКС: Шүменовпен жекпе-жекте Хопкинс ұзаққа бара алмайды - Ермахан Ыбырайымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы және бокстан Қазақстан құрамасының экс-жаттықтырушысы Ермахан Ыбырайымов 19 сәуірде болатын Бейбіт Шүменовтің жекпе-жегіне орай өз болжамын білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.

БОКС: Шүменовпен жекпе-жекте Хопкинс ұзаққа бара алмайды - Ермахан Ыбырайымов

«Шүменовпен кездесуде Хопкинстің жеңіске ешқандай мүмкіндігі жоқ деп есептеймін. Бейбіттің артықшылықтары көзге ұрып тұр. Біріншісі - жасында. Ол америкалыққа қарағанда жылдам. Хопкинс ең болмағанда он раундқа шыдай алса, ол үшін жақсы нәтиже. Бұл жолы Бернардтың бай тәжірибесі көмектесе алмайды. Қазіргі уақытта ол бұрынғысынан баяу қимылдайды. Оған бокспен қоштасқаны жөн. Рингте оны тек коммерциялық қызығушылығы ғана ұстап тұр», - дейді Ермахан Ыбырайымов.

Еске сала кетсек, WBA титулының иегері Бейбіт Шүменов IBF нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы 49 жастағы Бернард Хопкинспен кездеседі. Жекпе-жек 19 сәуірде Вашингтонда өтеді.