БОКС: Төрт жыл қатарынан үздік атанған «Арландар» биыл да топ жара ала ма? (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасында ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан елордалық «Астана арландары» биылғы жылдағы, яғни бесінші маусымдағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.

Жерлестеріміздің бірінші қарсыластары Венесуэланың «Caciques Venezuela» клубы. Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы стадионда өтетін айқаста боксшылар 5 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Бүкіләлемдік бокс сериясының биылғы бесінші маусымына төрт құрлықтан 16 мемлекет өз бақтарын сынауға өтініш білдірген. Енді сәл шегініс жасап, бұл WSB қандай жоба? Қандай ерекшеліктері бар? Осыған дейін қанша команда өнер көрсетті? Осы жайында қысқаша тоқталып өтсек.

Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) - AIBA басшыларының ашқан жаңа жобасы. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының президенті доктор Чинг-Куо Вудың бастамасымен 2008 жылдың тамыз айында ұсынылып, 2010 жылдың күз айларында жүзеге асты. Осы жылы жобаға алғаш рет 12 команда қатысып, олар құрлық бойынша үш топқа (Азия, Америка, Еуропа) бөлінді.

Жарыстың ережесі бойынша жобаның алғашқы үш маусымында боксшылар бес салмақ (54, 61, 73, 85, +91) дәрежесі бойынша күш сынасты. Әр жекпе-жек үш минуттан бес раундқа созылды. Боксшылар рингке шлемсіз және жейдесіз шықты. Төрешілер боксшылардың өнерін 10 балдық жүйемен есептеді. Ал төртінші маусымда WSB басшылары жобаға бірқатар өзгерістер енгізді. Нақтырақ айтсақ, алғашқы үш маусымда спортшылар бес салмақ дәрежесі бойынша, ал төртінші маусымда он салмақ дәрежесінде (49, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81, 91, +91) өнер көрсетті.

Бұл жобаның басты ерекшелігі - әр салмақта жекелей сындарда жеңілмей, толық ұпай жинаған боксшылар Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болады. Осы жоба аясында бірінші және екінші маусымда үздік шыққан бес боксшы 2012 жылғы Лондон олимпиадасына қатысқан болатын. Оның бірі - 54 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз Қанат Әбутәліпов. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беріледі.

Алғашқы маусымда осы сала басшылары WSB жобасы аясында өнер көрсеткен он екi команданы құрлық бойынша үш топқа, яғни Америка, Азия және Еуропа құрлығына бөлді. Онда әр команда екiншi командамен өз жерiнде екi рет, сырт елде екi рет кездесті. Осылайша әр команда өз тобында он екi жекпе-жек өткiзiп, құрлықтың үздiгiн анықтады. Өз құрлықтарынан бiрiншi орын еншілеген команда жартылай финалға жолдама алады. Жартылай финалға қатысатын төртiншi команда әр топтан екiншi орын алған командалардың арасынан iрiктелiп алынды. Бұл маусымда жерлестеріміз жеңіс тойын тойлауға бір табан қалғанда сүрінді. Нақтырақ айтсақ, финалға дейін шалдықпай жетіп, шешуші сында француздың «Париж Юнайтед» командасынан 6:4 есебімен ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Ал екінші маусымда Корея клубы, және АҚШ-тың Мемфис, Маями клубтары жабылып, орнына Германия, Тайланд пен Үндістан командалары қосылды. Ал мәскеулік Франшиз мәскеулік Динамо спорт қоғамына ауысып, аты да сәйкесінше «Динамо Мәскеу» болып өзгертілді. Бұл жылы барлық он екі команда алты-алтыдан «А» және «Б» топтарына бөлініп өнер көрсетті. Бұл жылы жерлестеріміз «А» тобында бақ сынады. Өкінішке қарай екінші маусымда жартылай финалдан сүрініп, үздік үштікке табан тіредік. Жартылай финалда жерлестеріміздің жолын Ресейдің «Динамо Мәскеу» клубы бөгеген еді.

Ал үшінші маусым «Астана арландары» үшін аса табысты болды. Ақыры уыстан екi жыл қатарынан сусып кеткен жеңiске қол жетті. Осылайша, Қазақ елiнiң абыройын асырып, мере­йiн өсiрiп, байрағын желбiреттi. Үшінші маусымның финалында «Украина атамандарын» Астана төріндегі республикалық «Сарыарқа» спорт сарайында айқын басымдықпен ұтты. Украиналық клубтың құрамында расында да бокстың атамандары болды. Айталық, бокстан екi дүркiн Олимпиада чемпионы әрi үздiк боксшыға берiлетiн Вэл Баркер кубогының иегерi атанған Василий Ломаченко, Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Усик, Лондон олимпиадасының күмiс жүлдегерi Денис Беринчик жерлестерімізбен қолғап түйістірді. Осындай бiр өзi бiрнеше боксшыға татитын сүйектi сайыпқырандарын украиндар үшінші маусымда финалдық сында «арландарға» қарсы салды. Мықтыны жығу қайдан оңай болсын, екi күн бойы жеңiс үшiн арпалысқан жекпе-жектiң әрқайсысы жұрттың делебесiн қоздырды. Бірақ, ешкімнің атақ-даңқынан сескенбейтін жерлестеріміз жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Төртінші маусымда да «арландарымыз» жеңіс тұғырының биік сатысынан көрінбесе де үздік үштіктің қатарынан табылды.

Қарап отырсаңыз, «Астана арландары» осы төрт маусымның төртеуінде де жүлдесіз қалмаған. Бұл көрсеткішке ешқандай команда қол жеткізе алған жоқ. Осы орайда бірден айта кетейік, жалпы биылғы жылды қоса есептегенде, яғни бес маусымда WSB жобасы аясында барлығы 24 команда бақ сынапты. Тіпті, алғашында АҚШ екі команда шығарған. Бірақ бірінші маусымнан соң екі командасын біреу етіп қайта жасақтады.

Ал бірінші маусымда чемпион атанған Франция клубы бұл жобаға екі-ақ маусым қатысты да жоқ болып кетті. Сондай-ақ, Германия клубы үш, Түркия командасы екі маусым өнер көрсетті. Ал Корея, Үндістан және Таиланд клубтары бір-бір маусым ғана қатысты. Ал біздің «арландар» WSB жобасына тұрақты түрде бес жыл қатарынан қатысып келе жатқан алты команданың бірі.

Ал, биыл аталған жобаның бесінші маусымында 16 команда сегіз-сегізден «А», «Б» топтарына бөлініп сынға түседі. Олардың үшеуі WSB айқастарына биыл ғана қосылған - командалар. Атап айтқанда, Марокко, Пуэрто-Рико және Венесуэла ағымдағы жылы ғана өз командаларын WSB жобасына қосқалы отыр. Ал Ұлыбритания және Қытай WSB шаршы алаңына қайта оралды.

«А» тобы: «Algeria Desert Hawks», «British Lionhearts», «China Dragons», «Cuba Domadores», «Mexico Guerreros», «Morocco Atlas Lions», «Russian Boxing Team», «Ukraine Otamans». «Б» тобы: «Argentina Condors», «Astana Arlans», «Azerbaijan Baku Fires», «Caciques Venezuela», «Italia Thunder Boxing Team», «Puerto Rico», «Rafako Hussars Poland», «USA Knockouts».

Бұл маусымнның басты ерекшелігі, әр командада легионерлер саны 3-тен аспауы керек. Жалпы 66 жекпе-жек өтуі тиіс. Әр топта 1- орын алған командалар автоматты түрде жартылай финалға шығады. Сондай-ақ, әр топтағы 2-3- орын алған командалар ширек финалға жолдама алады. Ал жекелей сындарда 49, 91, +91 келі салмақтарда - 1, 52, 56, 60, 64, 69, 75, 81 келі салмақтарда - 2 жолдамадан Рио 2016 олимпиадасына жалпы 17 боксшыға жолдама үлестіріледі.

Енді бүгінгі өтетін жарысқа қайта оралайық. Биылғы бесінші маусымдағы алғашқы жекпе-жекте «Астана арландары» клубының намысын тек қазақстандық боксшылар қорғамақ. Алғашқы қарсыластарымыз Венесуэланың «Caciques Venezuela» клубы екенін жоғарыда айтып өттік.

Олай болса, бүгін ел намысын кімдер қорғайды? Қарсыластарымыз кімдер? Бүгін 49, 56, 64, 75, және 91 келі салмақтағы боксшылар сынға түседі. «Astana Arlans» - «Caciques Venezuela» арасындағы жекпе-жекке қатысатын боксшылардың тізімі: 49 келі: Мардан Берікбаев - Йоэль Ривас Финол 56 келі: Мейірболат Тойытов - Хосе Висенте Диас 64 келі: Самат Бәшенов - Луис Мартин Аркон 75 келі: Мейірім Нұрсұлтанов - Хуан Карлос Родригес 91 келі: Василий Левит - Альфонсо Хосе Флорес Сөз соңында айта кетейік, биыл «Астана арландарының» құрамында да, басшылығында да өзгерістер болды. Клубқа жаңа бапкер мен жаңа боксшылар келді. «Арландардың» қатарына қосылған жаңа боксшылардың көпшілігі ел біріншілігінің жеңімпаздары немесе жүлдегерлері. Олар жаңа жобаның жүйесіне әлі төселе қоймағаны анық. Ал командаға Марат Жақиев бас бапкер болды. Сондай-ақ, клубтың бұрынғы басшысы Болат Манкеновтің орнына белгілі боксшы, Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев келді.

Енді жаңа басшы, жаңа құрам ел сенімін ақтайды деген үміттеміз.

Бүкіләлемдік бокс сериясының 5-маусымдағы күнтізбесі: (WSB - 2015)

2015-01-17 «Astana Arlans» - «Caciques Venezuela» : C1 (49,56,64,75,91) 2015-01-23 «Hussars Poland» - «Astana Arlans» : C2 (52,60,69,81,+91) 2015-01-31 «Azerbaijan Baku Fires» - «Astana Arlans»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-02-07 «Astana Arlans» - «USA Knockouts»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-02-14 «Astana Arlans» - «Puerto Rico»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-02-21 «Astana Arlans» - «Argentina Condors»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-02-28 «Astana Arlans» - «Italia Thunder»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-03-07 «Caciques Venezuela» - «Astana Arlans»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-03-14 «Astana Arlans» - «Hussars Poland»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-03-21 «Astana Arlans» - «Azerbaijan Baku Fires»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-03-28 «USA Knockouts» - «Astana Arlans»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-04-11 «Puerto Rico» - «Astana Arlans»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-04-18 «Argentina Condors» - «Astana Arlans»: C1 (49,56,64,75,91) 2015-04-25 «Italia Thunder» - «Astana Arlans»: C2 (52,60,69,81,+91) 2015-05-06 Ширек финал 2015-05-07 Ширек финал 2015-05-21 Жартылай финал 2015-05-22 Жартылай финал 2015-06-11 Финал 2015-06-12 Финал. Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар
telegram