БОКС: В.Кличко болгарлық К.Пулевпен жекпе-жекке шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аса ауыр салмақтағы беделді үш нұсқада әлем чемпионы атанған Владимир Кличко Халықаралық бокс федерациясы титулына міндетті үміткер болгарлық Кубрат Пулевпен 6 қыркүйек күні Германияның Гамбург қаласында қолғап түйістіреді.

БОКС: В.Кличко болгарлық К.Пулевпен жекпе-жекке шығады

Бұл жайында В.Кличко өзінің Twitter-інде ресми мәлімдеді.

«Мен 6 қыркүйекте Гамбургтегі "О2 Аренада" IBF міндетті үміткері Кубрат Пулевпен кездесемін», делінген хабарламада.

Ағайынды Кличколардың промоутерлік компаниясы кездесуді ұйымдастыруды айқындау бойынша келісімде жеңіске жетіп отыр. "К2 промоушнз" 7 млн. 250 мың доллар көлемінде гонорарлық қор ұсынды. Ал Пулевпен жұмыс істейтін "Зауэрланд Ивент" ұсынған сома - 5 млн 290 мың. Ал гонорар былай бөлінеді: 80 пайыз - Кличкоға, 20 пайыз Пулевқа тиеді.

«20 мәрте өткізген кездесуінің барлығына жеңіске жеткен Кобра мені шаршы алаңға шақырып отыр. Өткен жылы ол менің бұрынғы қарсыласым Тони Томпсонды ұпай санымен жеңген болатын. Демек, оны бағаламаудың еш реті жоқ. Бұл жекпе-жекті асыға күтемін әрі өз мақсатымның келесі кезеңіне (ең беделді төрт нұсқа бойынша әлем чемпионы белбеуін иелену) дайындықты тез арада бастағым келеді», деп жазады В.Кличко.