Бокс: WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионын өлтіріп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні WBA нұсқасы бойынша екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы 45 жастағы венесуэлалық Антонио Серменьоның өлі денесі табылды.
Бұл туралы "Эль Мундо" басылымы жазды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Полицияның мәлім етуінше, соңғы кездері жаттықтырушы болып жұмыс істеген бұрынғы боксшының мүрдесі Барловенто бағытындағы жолға жақын жердегі ну тоғайдың ішінен табылған.
Бұл оқиға Каракасқа баратын жолда, оны тағы бес азаматпен бірге ұрлап кеткен күннің ертесіне орын алып отыр. Қарақшылар жанар-жағармай бекетіне тоқтаған кезде әлгілердің үшеуі қашып кете алған.
Серменьо кәсіби бокс рингінде 1990-2006 жылдар аралығында өнер көрсетті. Ол 45 рет (31 нокаут) басым түсіп, 7 рет жеңілген. 1995-1997 жылдары 55,22 келі, 1998-1999-57,5 келі салмақ дәрежесінде WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған.