Бокс: Жайна Шекербекова әлем чемпионатының финалына шықты
Жайна 51 келіге дейінгі салмақта жартылай финал бәсекесін жапониялық Намики Цукимимен өткізді.
Төрешілер бірауыздан (5:0) жеңісті Ж.Шекербековаға берді.
2010 жылы Азия чемпионы атанған қазақстандық боксшы енді алтын жүлде үшін таласатын болады.
Оның сенбі күні болатын финалдағы қарсыласы - солтүстіккореялық Пан Чхоль Ми.
"Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған бұл қарсыласым да осал емес, Оның қалай жұдырықтасқанын көргенмін. Ертеңгі ұрысқа тактикамды да ойластырып қойдым", - деді Жайна Шекербекова.
Еске сала кетейік, бұған дейін қос қазақстандық боксшының жартылай финалға жолдама алғанын, кейін Карина Ибрагимованың қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Бір қызығы, Намики Цукими биылғы маусымда ҚР Президенті кубогы үшін жарыста екі мәрте әлем чемпионы Назым Қызайбайды ұтып кеткен болатын. Соның қарымтасын бүгін Жайна қайырды.