БОКС: Жайна Шекербекова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалында 51 келіде өнер көрсеткен Жайна Шекербекова британдық боксшы, Олимпиада чемпионы Никола Адамстан айласын асыра алмады.
Өте тартысты өткен жартылай финалдық кездесуде қазақстандық боксшы қыз тәжірибелі Н. Адамстан 0:3 (37:39, 37:39, 37:39) есебімен жеңіліс тапты және әлем біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды.
Сонымен қатар Ж. Шекербекова, Әлем чемпионатының жартылай финалына шыққандықтан, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жолдама иемденіп отыр.
Айта кетейік, бұның алдында Валентина Хальзова, Дина Жоламан мен Назым Қызайбай әлемдік біріншіліктің ақтық сынына жолдама алған болатын.
69 келіде өнер көрсететін Хальзова жартылай финалда Германия спортшысы Надин Апетцпен жұдырықтасқан. Оның нәтижесі бойынша қазақстандық боксшы кездесуді 3:0 (40:36, 40:36, 40:36) есебімен айқын жеңіспен аяқтады.
Назым Қызайбай 48 келіде өнер көрсетеді және ол 1\2 финалда Солтүстік Корея былғары қолғап шебері Янг Гум Уді жеңген еді. Ал 54 келіде жұдырықтасатын Дина Жоламан қытайлық Лю Пиаопиаоны тізе бүктірді.
Ақтық сын ертең, 27 мамырда Астана уақытымен 15:00-де басталады.