Боксшы қыздарымыздың Олимпиадаға дайындығы қандай

бапкер
Фото бапкердің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Осы орайда бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинге арнайы қоңырау шалып, бұрымды боксшыларымыздың Олимпиадаға дайындығы туралы сұрап білдік.

бапкер
Фото бапкердің жеке мұрағатынан

— Елдос Жәнібекұлы, Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бұрымды боксшыларымыздың дайындығы қалай? Оқу-жаттығу жиындарын қазір қайда, қалай өткізіп жатсыздар?

— Соңғы рет Таиландтағы лицензиялық турнир аяқталғаннан кейін екі топтық оқу-жаттығу жиынын жоспарлаған болатынбыз. Соның біріншісі аяқталды. Дәл қазір қыздар үйлеріне тарап, бір апталық демалысқа шықты. Енді 9 шілдеде қайта жиналып, 21 шілдеге дейін соңғы оқу-жаттығу жиынына көшеміз. Соңғы дайындығымыз Алматы облысында өтеді. Қыздарымыз белгіленген кесте бойынша жаттығып жатыр.

— Боксшы қыздарымыз төртжылдық додаға қаншалықты дайын? Үш қызымыздың қайсынан көбірек үміт күте аламыз?

— Оқу-жаттығу жиындарын ойдағыдай өткіздік деп есептеймін. Олимпиадаға баратын үш боксшы қызымыздың үшеуі де — тәжірибелі, өз салмағының үздігі. Сондықтан Олимпиада ойындарында ел үмітін ақтауға бар күш-жігерін салады деп сенім артып отырмыз. Үшеуі де жүлдеге лайық деп санаймын. Бірақ Олимпиада ойындарына ең мықты боксшылар қатысады. Сондықтан, әр жекпе-жек оңай болмайтыны анық. 

бапкер
Фото бапкердің жеке мұрағатынан

— Сіз ұлттық құрамаға Олимпиада ойындары алдында ғана келдіңіз. Басты доданың алдында өзіңіздің жеке жоспарыңызды жүзеге асыруға уақытыңыз жеткілікті болып жатыр ма?

— Әрине, жеткілікті. Ұлттық құраманың тізгінін ұстағанға дейін де жастар құрамасын жаттықтырып келдім. Бұл орта маған жат емес. Міне, мен келгелі де үш айдай уақыт болды. Жоспар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 

— Шәкірттеріңізге нақты қандай талап қойып отырсыз? Алдағы жоспарларыңызды бөлісе кетсеңіз…

— Басты талап — Олимпиада ойындарында жүлдеге ілігу. Еліміздің туын желбірету. Әр спортшының арманы да — осы Олимпиада тұғырынан көріну. Біз сол шәкірттеріміздің арманының орындалуына күш салып жатырмыз. 

бапкер
Фото бапкердің жеке мұрағатынан

— Бұрымды боксшыларымыз Парижге қашан аттанады? 

— 21 шілде күні Парижге жолға шығамыз. Олимпиадаға қатысатын Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзовадан (75 келі) бөлек тағы да спаррингтік серіктес болатын үш боксшыны ала кетуді жоспарлап отырмыз. Әзірге нақты кімнің баратынын нақтылаған жоқпыз. Бұйырса, әйелдер боксынан Назым Қызайбай 28 шілде күні Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегін өзкізуі мүмкін. Бірақ, кімнің қашан шаршы алаңға шығатыны жеребе қорытындысына сәйкес белгілі болады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 

Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады.

Соңғы жаңалықтар
telegram