Боксшы А. Қожабекова Әлем чемпионатының қола медалін қоржынға салды

Бүгін жартылай финалда 57 келі салмақта өнер көрсететін А. Қожабекова үнді боксшысы С. Латерге 0:3 (37:39, 36:40, 36:40) есебімен есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасында әзірге 2 қола жүлде бар.
Бұның алдында ғана жұдырықтасқан Жайна Шекербекова да 51 келіде қола медальға ие болған еді. Ж. Шекербекова британдық боксшы, Олимпиада чемпионы Никола Адамстан айласын асыра алмады.
Ендігі үміт - финалға өткен үш боксшыда.
Бүгінгі жартылай финалдық кездесулерде Валентина Хальзова, Дина Жоламан мен Назым Қызайбай әлемдік біріншіліктің ақтық сынына жолдама алған болатын. 69 келіде өнер көрсететін Хальзова жартылай финалда Германия спортшысы Надин Апетцпен жұдырықтасқан. Оның нәтижесі бойынша қазақстандық боксшы кездесуді 3:0 (40:36, 40:36, 40:36) есебімен айқын жеңіспен аяқтады.
Назым Қызайбай 48 келіде өнер көрсетеді және ол 1\2 финалда Солтүстік Корея былғары қолғап шебері Янг Гум Уді жеңген еді. Ал 54 келіде жұдырықтасатын Дина Жоламан қытайлық Лю Пиаопиаоны тізе бүктірді.
Енді олар ертең, 27 мамырда Астана уақытымен 15:00-де ақтық сында бақтарын сынайды.