Боксшы Данияр Елеусінов Америкаға көшпейтінін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов АҚШ-қа әлі кеткен жоқ. Оның айтуынша, ол жаққа барған күннің өзінде, тек дайындық жасау үшін ғана аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Мені Америкаға көшіп барады деп айтылуда. Негізі, ол дұрыс ақпарат емес. АҚШ-қа көшіп барғалы жатқаным жоқ. Америкаға барған күннің өзінде, тек дайындыққа ғана барып отырамын. Ал жекпе-жектерден кейін еліме ораламын. Себебі бәсекелердің көбі Қытайда - Бейжің, Шанxай мен Гонгконгте өтетін болады. Америкада кәсіби бокс жақсы дамығаннан кейін сол жерде дайындалғанды жөн көрдік. Қасымда болсын, балам көз алдымда жүрсін деп, дайындық кезінде отбасымды алып кететінімді айтқан болатынмын. Бірақ түбегейлі көшіп бара жатқан жоқпын", - деді Елеусінов журналистерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ол әкесінің жетекшілігімен үйде жаттығып жүр. Америкаға кететін уақыты әлі белгісіз. АҚШ-қа барғаннан кейін бапкер әкесінің қасына тағы бір маман қосылып, Даниярды бірге дайындайтын болады. Әзірше, қазақстандық кәсіпқой боксшының қарсыласы беймәлім.